Шығыс Қазақстан облысында 200-ге жуық бюджеттік мекеме жарық жеткізуші компанияны ауыстыруға мәжбүр. Өйткені оларды жарықпен қамтамасыз еткен «Эксклюзив Энерго Групп» компаниясы лицензиясынан айырылып, нарықтан ығыстырылған. Компания заңды құқығын қорғауға ықпал етуді сұрап, «Атамекен» ҰКП-ға жүгінген.
Табиғи монополияларды реттеу комитеті 1 сәуірден бірқатар энергиямен жабдықтаушы компанияға берілген лицензияларды тоқтатқан. Нәтижесінде бұндай жағдай тек Шығыс Қазақстан облысында ғана емес, бүкіл өңірде қалыптасқан.
«Енді біздің тұтынушылар бәсекелес нарықтан реттелетін тарифпен қызмет ұсынатын компанияға ауысуы керек. Бұндағы тағы бір маңызды нәрсе – тариф мәселесі. Тұтынушылар электр қуатын жеткізушіні өзі таңдай алмағандықтан, олардың шығыны екі есе артады», – дейді «Эксклюзив Энерго Групп» директоры Ренат Жексенбаев.
Үкімет алдымен тарифі реттелмейтін электрмен жабдықтаушы компаниялардың лицензиясын қайтарып алмақ. Одан кейін кезек тарифі реттелетін компанияларға жетеді. Осылайша, 2025 жылға қарай әр өңірде электр қуатын жеткізуші 1 ғана компания қалады. Ол жарық жеткізу мен жабдықтау қызметін қатар атқарады. Осылайша, электрмен жабдықтау секторында тариф төмендеуі тиіс.
Алайда электрмен жабдықтаушы компаниялар мемлекеттік органның бұндай тұжырымымен келіспейді. Бір қайнауы кем шешім екенін айтады. Өйткені бұл ұсыныс нарық өкілдерімен жан-жақты талқыланбаған. Сол себепті «Қазақстанның энергиямен жабдықтаушы ұйымдары қауымдастығы» Үкіметке жаппай шағым түсіріп жатыр. Энергетиктер Ұлттық Экономика және Энергетика министріне де үндеу жолдады.
Ұйым басшылары қазірдің өзінде лицензияның қолданылуын тоқтата тұру туралы шешімнің күшін жоюды талап етіп, сотқа шағым түсірген. Бұдан бөлек, кәсіпорындардың шығынын толық өтеу мәселесі де көтерілуде. Елде мұндай энергиямен жабдықтаушы ұйымдар саны 100-ден асады. Аталмыш сектордың жылдық айналымы орта есеппен 1,5 трлн теңгені құрайды. Бұл компаниялардың қызметін бүкіл ел тұтынады.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев олар лицензиясынан осы салада жүргізіліп жатқан реформа аясында айырылғанын түсіндірген.
«Атамекен» ҰКП өз кезегінде Энергетика министрлігіне бұл мәселе бойынша теріс сараптамалық қорытынды берген. Алайда ведомство ұлттық палатаның қорытындысын қабылдамай, тиісті «Электр энергетикасы туралы» заң жобасын Мәжілістің қарауына жіберді.
Енді ҰКП бөлшек сауда нарығынан энергиямен жабдықтаушы ұйымдарды шығарып тастайтын шаралардың заңдылығын тексерді сұрап, Бас прокуратураға жүгінді.