Азаматтық некедегі жұбайын өлтірді деген күдікті, бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың адвокатының сот ісін қарап жатқан судьяны өзгерту туралы өтініші қанағаттандырылмады.
«Қ.Бишімбаевқа қатысты бүгінгі сот отырысында қорғаушы тарап төрағалық етуші судья Айжан Құлбаеваға қарсылық білдіретіндерін мәлімдеді. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің нормаларына сәйкес, қарсылық білдіруді сол соттың судьясы С.Тасымбетов алқабилер мен судья Құлбаеваның қатысуынсыз қарады»,– делінген Жоғарғы сот баспасөз хабарламасында.
Ақпаратқа сүйенсек, судья Сейфулла Тасымбетов қорғаушы тараптың судьяға қарсылық білдіру өтінішін қанағаттандырусыз қалдырған.
Тасымбетов бекіткен қарсылық білдіруді қарау нәтижелері бойынша соттың қаулыға шағымдану және наразылық білдіру мүмкіндігі жоқ. Істі қарау әрі қарай жалғасып жатыр.
Бишімбаевтың адвокаты Ерлан Қасымжанов судья Айжан Құлбаеваның істі әрі қарай қарауына қарсылық білдірген. Сот отырысы уақытша тоқтатылып, алқа билер сот залынан үзіліске шыққан.
2023 жылы 9 қарашада Bau мейрамханасында экс-министр Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген айыппен ұсталды.
9 қаңтарда Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты тергеу аяқталды. Бұл туралы адвокат Жанна Оразбахова Instagram парақшасына жазған болатын.
Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша сот процесі 11 наурызда басталды. Бишімбаевқа қылмыстық кодекстік 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы бойынша және 110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағында көрсетілген қылмыстық әрекетті жасады деген айып тағылған. Қуандық Бишімбаев өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын мәлімдеді. Сот алқабилерінің қатысуымен өтіп жатыр.
Ал 1 сәуірде экс-министр қылмыстық кодекстің 110-бабы («қинау») негізінде қорғау тарапының сұрағына жауап берген еді. 3 сәуірде өтіп жатқан сот отырысында қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі («аса қатыгездікпен адам өлтіру») негізінде сұрақтарға жауап берді. 4 сәуірдегі сот отырысында сотталушы айыптау тарапының сұрақтарына жауап берген.