Атырау облысының әкімдігі 54,5 млн теңгеге бәйге өткізуді жоспарлаған. Бұл жайлы мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған конкурстық құжатта жазылған.
Бұл қаражатқа «Ұлы дала тұлпары» атты облысаралық бәйге ұйымдастыру көзделген. Конкурсты «Атырау облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы» мемлекеттік мекемесі жариялаған. Өтініш қабылдау 9 сәуірде басталған.
«Ұлттық спорт түрі «Бәйге» түрлерінен жарыстар Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің және Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының бекіткен Ережесіне сай ұйымдастырылып өтуі қажет», – делінген сайтта.
Құжатта төрт кезеңнен тұратын ат жарысының басқармамен келісе отырып, Атырау облысы аумағында ұймдастырылатыны жазылған. Жоспар бойынша, Аламан бәйге, Топ бәйге, Құнан жарыс, Тай жарыс өткізілуі керек.
Төрт кезеңнен тұратын ат жарыстың дәл қай уақытта өтетіні нақтыланбаған. Бірінші кезеңде маусымдық ашылуы болса, қалған үш кезең бәйгесі басқармамен келісе отырып, мерекелік күндерге орай ұйымдастырылуы тиіс. Ал төртінші кезең бәйгесі қала күніне орай өткізілуі керегі жазылған. Қала күнін атыраулықтар 7 қазан күні тойлайды.
Шараға бөлінетін қаражатқа жарыс өтетін орынға сахна құрылып, турникеттер орнатылады. Қазақи нақыштағы декорация жасалып, шабандоздарға киім алынады.
«Шабандоздар киімі – 140 дана футболка. Алды-артына нөмірі басылған. Әр түсте: ақ – 35, көк – 35, қызыл- 35, сары – 35 дана», – делінген құжатта.
Сондай-ақ шараны өткізетін 8 төреші арнайы киім, рация, ысқырық және жалаумен қамтамасыз етілу керегі жазылған.
Әлеуетті жеңімпаз шараға міндетті түрде мал дәрігерін қатыстыруы керек. Ал келеңсіз жағдайлардың алдын алу үшін жергілікті полиция және жедел жәрдем қызметкерлері болуы шарт.
Құжатта жарыстың алдында 15 күн бұрын қала ішіне және Атырау-Индер, Атырау-Махамбет шыға беріс жол бойына 3*6 метрлік 6 дана баннер орнату шарттары да қарастырылған.
Бұл шараның мақсаты – «Атырау облысы тұрғындары арасында ат бәйге спортын насихаттау және дамыту, Атырау облысындағы бәйгенің республикалық аренадағы позициясын нығайту және мәртебесін арттыру, республикалық және аумақтық бәйге федерацияларымен спорттық байланыстарды дамыту және нығайту» деп көрсетілген конкурс құжатында.
Осы материал жарияланғаннан кейін, Атырау облысының әкімдігінің баспасөз қызметі мемлекеттік сатып алулар порталында жарияланған бұл хабарламаға түсініктеме берді. Әкімдік «Ұлы дала тұлпары» атты ат жарысына қатысты жарияланған мемлекеттік сатып алу жөніндегі конкурс өткізілмейтінін мәлімдеді. Бұл конкурс өткен жылы жоспарланып, Төтенше жағдай енгізілгенге дейін жарияланған.
«Төтенше жағдайдың жариялануына байланысты Атырау облысының Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы 7 сәуірде «Ұлы Дала тұлпары» ат бәйгесінің жарысын тоқтату туралы шешім қабылдады. Мемлекеттік сатып алулар веб-сайтындағы 9 сәуірдегі жарияланым жарамсыз. Төтенше жағдайлар кезінде мұндай бастамаларға жол берілмейтіні туралы әкімдіктің барлық құрылымдық органдары хабардар етілді»,- делінген әкімдік хабарламасында.
Әкімдік хабарлауынша, әзірге жарыс өткізу жоспары жоқ.