Мәжіліс депутаттары екінші оқылымда «Масс-медиа туралы» заң жобасын мақұлдады. Жобаға «ЛГБТ насихаттау» туралы түзетулер енгізілген жоқ.
Мәжіліс қабылдаған заң жобасы Сенатқа жіберілді. Заң жобасынан Amanat партиясының депутаттары Асхат Аймағамбетов пен Жанарбек Әшімжан ұсынған «ЛГБТ насихаттау» туралы түзетуді алып тастады.
Мәжіліс отырысынан кейін мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов түзетулер енгізу туралы ұсынысқа не түрткі болды деген сұраққа жауап бере алмады. Аталмыш бастаманы көтергендердің бірі Асхат Аймағамбетов заң жобасында бұл түзетулер жоқ екенін айтты. Алайда аталмыш мәселе депутат пен оның әріптестерін алаңдататынын атап өтті.
«Мен Қазақстан азаматтарының көпшілігі осы қатынастар туралы ақпараттың біржақты бұрмаланып ұсынылуына алаңдаулы екеніне сенімдімін. Менің азаматтық ұстанымым — бұл қарым-қатынасты насихаттаудың қажеті жоқ», – деді Аймағамбетов.
Депутаттардың «дәстүрлі емес құндылықтарды насихаттау» туралы түзетуді ұсынғаны туралы ақпарат 5 сәуірде пайда болды.
«Масс-медиа туралы» заңда не өзгерді?
- Енді бұқаралық ақпарат құралдарының материалдарының ескіру мерзімі бір жыл болып белгіленеді. Бастапқы ұсыныста бұл мерзім үш жыл деп көрсетілген. Бірақ талқылау барысында оны қысқарту туралы шешім қабылданды.
- Енді шенеуніктер БАҚ тарапынан түскен сауалдарға бес күн ішінде жауап беруі керек. Бұрын бұл мерзім жеті жұмыс күні болатын.
- Заңға сәйкес теледидар мен радиода қазақ тілді және отандық контент көп болады. 2025 жылдан бастап теле-радиобағдарламалардың жалпы көлемінің 55%-ы, 2027 жылдан бастап 60%-ы мемлекеттік тілде және отандық өндірісте болуы қажет.
- Барлық желілік басылым мен ақпараттық агенттік «интернет-басылым» деген біртұтас ұғымға біріктіріледі.
Сондай-ақ заң жобасынан баспасөз карталары туралы норма алынып тасталды. Оны сарапшылар журналистер жұмысын шектеу және оларға қысым көрсету механизмі деп таныған.
Алайда заңда шетелдік журналистерді аккредиттеу туралы норма қалды. Бұл өкілеттіктер Сыртқы істер министрлігіне тиесілі. Ведомство журналистерді аккредиттеуден бас тартуға құқылы. Осыған дейін «Азаттық радиосының» 36 журналисі СІМ-нен аккредитация ала алмаған.