Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың Салтанат Нүкеновамен некесін қиған Бас мешіт имамына тәртіп шара қолданған. Республикалық Бас мешіт имамы ҚМДБ-ның ішкі тәртібін бұзып, АХАТ бөліміне тіркелгенін растайтын куәлікті табанды түрде талап етпеген.
«АХАТ бөліміне тіркелгенін растайтын куәлікті табанды түрде талап етпеген, яғни ҚМДБ-ның ішкі жұмыс тәртібін бұзған Республикалық бас мешіт имамы Қ.Қыдырминге тәртіптік шара қолданылып, ескерту жасалды», – деп жазылған діни басқарма хабарламасында.
Осы орайда мүфтият баспасөз қызметі Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенованың некесі 2022 жылдың 17 қазанында Астана қаласындағы Республикалық бас мешітте қиылғанын айтады. Алайда олардан АХАТ бөліміне тіркелгенін растайтын куәлік талап етілгенде «жасалу үстінде» деген жауап алған.
ҚМДБ баспасөз қызметінің хабарлауынша, Жарғыға сәйкес ҚМДБ-ның ресми діни қызметкерлері Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы аясында жұмыс істейді.
Осыған орай ҚМДБ-ның ішкі жұмыс тәртібіне сәйкес мешіт қызметкерлері неке қию рәсімі алдында болашақ ерлі-зайыптылардан Азаматтық хал актілерін тіркеу (АХАТ) бөліміне тіркелгенін растайтын куәлікті талап етеді. Өйткені ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» заңына сәйкес тек мемлекеттік органдар қиған неке (ерлі-зайыптылық) ғана мойындалады.
Күні кеше ғана депутат Асхат Аймағанбетов елде заңсыз неке қиятын имамдарға жаза енгізу керек деген мәселе көтерген болатын. Оның айтуынша, мемлекеттік органның неке туралы куәлігінсіз неке қиған имамдар Қазақстан заңнамасын бұзады. Ал ол үшін жауапкершілік қарастырылмаған.
Сондай-ақ Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов та бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың сотта Салтанат Нүкеновамен ресми некеде болмай, мешітте екі рет неке қидық дегенін тексеретінін айтқан.
«Осыған қатысты құжатты тексермей, неке қиған имам жауапкершілікке тартыла ма», – деген журналист сұрағына жауап берген вице министр жағдай тексерілгесін, министрлік заңнамалық өзгерту жайын қарастыратынын мәлім еткен.