Жаңалықтар

Қазақстанда жанар-жағармай бағасы қымбаттай ма – Энергетика министрлігі жауап берді

жанар-жағармай
Қазақстанда жанар-жағармай бағасы ЕАЭО елдерімен салыстырғанда ең арзан / Фото: kursiv.media

Қазақстанда жанар-жағармай бағасы қымбаттауы мүмкін. Энергетика министрлігінің хабарлауынша, баға кезең-кезеңмен көтеріліп, ЕАЭО елдерімен теңестіріледі.

Министрлік хабарлауынша, су тасқыны кезеңінде бағалар көтерілмейді.

«Су тасқынына қарамастан, Қазақстан Республикасында жүргізуші куәлігі мен көлік құралын тіркеу туралы куәлігі бар азаматтар үшін баға өзгеріссіз қалады. Оның ішінде АИ-92 және Аи 93 бензині литріне – 205 теңге, дизель отыны литріне – 295 теңге болып қалады»,- деленген министрлік хабарламасында.

Министрлік келтірген мәліметтерге сенсек, АИ-92 бензинінің бағасы Арменияда – 555 теңге, Өзбекстанда – 405 теңге, Қырғызстанда – 318 теңге, Ресейде – 244 теңгені құрайды. Ал дизель отыны Арменияда – 612 теңге, Өзбекстанда – 450 теңге, Қырғызстанда – 363 теңге, Ресейде – 316 теңгені құрайды.

Яғни ЕАЭО елдері ішінде Қазақстанда жанар-жағармай бағасы ең арзан саналады. Бұл жанар-жағармайдың көрші елдерге заңсыз ағыны мен «сұр» экспорты қаупін тудырады.

Осыған орай мемлекет басшысы 2024 жылғы 7 ақпанда экономиканы кешенді нарықтандыру үшін жүйелі шаралар қабылдауды тапсырған. Министрлік президент тапсырмасын орындау мақсатында қазіргі таңда сарапшылардың, қоғам белсенділерінің, компаниялардың, мемлекеттік органдардың қатысуымен бағаны теңестіру бойынша ұсыныстар қарастырылып жатқанын хабарлады.

«Ішкі нарықта отын балансын сақтау мақсатында бағаларды көрші елдермен кезең-кезеңімен теңестіру қажет»,- деп хабарлайды министрлік.

Еске сала кетсек, 2024 жылдың 11 сәуірінде Энергетика министрлігі ішкі нарықта отын балансын сақтау, сондай-ақ мұнай өнімдерінің ағындары мен «сұр» экспорт тәуекелдерін азайту мақсатында автокөліктің тұтыну көлемі мен шығу тегіне байланысты Аи-92, Аи-93 бензині мен дизель отынына қатысты баға саясатына өзгерістер енгізді.

Бұйрық жобасына сәйкес, шетел азаматтары үшін АИ-92 және Аи-93 маркалы бензиннің бағасы литріне 245 теңге. Ал дизель отынының бағасы литріне 315 теңгені құрайды.

Сонымен бірге министрлік елдегі су тасқынына байланысты жанар-жағармай тапшылығы туындамайтынын мәлімдеді.

Министрлік мәліметінше, елдегі автобензин қоры – 480 мың тоннаны құрайды. Бұл қор 33 күнге жетеді. Авиаотын 56 күнге жетеді, 107 мың тонна бар. Ал дизель отынының қоры 610 мың тонна, 39 күнге жетеді деп есептелген. Сонымен бірге сәуір айының соңында жоспарлы жөндеуден кейін Шымкент МӨЗ-і іске қосылады. Бұл қажетті отын қорын жинауға мүмкіндік бермек.