Банк пен қаржы

Ұлттық банк шетелдік инвесторлардың Қазақстан мемлекеттік бағалы қағаздарына қызығушылығы неге артқанын түсіндірді

МБҚ
Шетелдік инвесторлар Қазақстан МБҚ-ларын көптеп сатып алған. Коллаж kursiv.media (Асқар Ахметуллин)

2024 жылдың қаңтар-наурызында шетелдік инвесторлардың Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына` (МБҚ) қызығушылығы артқан. Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова МБҚ шетелден қаражат тарта алатын зор әлеуетке ие екенін айтады.

Мәселен, 2024 жылдың 1 тоқсанында  бейрезиденттердің салымы 186 млрд теңгеге немесе 433 млн долларға ұлғайған.

«Жалпы қазіргі нарықтағы ахуал шетел инвесторларының қызығушылығын тудырып отыр. Дегенмен нарықтағы жағдайдың қолайлылығы өз алдына, сонымен қатар Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына деген бейрезиденттердің қызығушылығын арттыру үшін белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз», – деді Молдабекова.

Ұлттық банк Қазақстанның МБҚ шетелден қаражат тарта алатын зор әлеуетке ие дейді. Алайда инвесторлар қайталама нарықтағы өтімділіктің артқанын күтіп отыр. Кейінгі 2 жылда биржа нарығында Қаржы министрлігінің МБҚ бойынша қайталама сауда-саттық көлемі айтарлықтай өскен: 2021 жылы 871 млрд теңге болса, 2023 жылы 2,7 трлн теңгеге дейін жеткен. Әлия Молдабекова қайталама нарық өтімділігінің одан әрі қарқынды түрде өсуі үшін күш салу қажет екенін айтады.

Осы мақсатта Ұлттық банк өзі басқаратын қорлардың активін бәсеке жоғары ортаға беру жұмысын жүргізіп жатыр. Ал Қаржы министрлігі жаңа шығарылымдардың санын шектеп, қазіргі шығарылымдарды кеңейтеді. 2024 жылы 8-ге жуық шығарылымның көлемі 1 млрд АҚШ долларынан асуы тиіс. Сонымен қатар бастапқы дилер институтын енгізу қайталама нарықтағы сауда-саттық көлемін ұлғайтуға мүмкіндік бермек.

Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздары мен Ұлттық банк ноталарына бейрезиденттердің инвестиция ағынын 2021 жылдың соңынан бері қалпына келіп жатыр деуге болады. Инвесторларды бағалы қағаздардың жоғары табыстылығы қызықтырады.

Алтын-валюта резерві

Жыл басынан бері алтын-валюта резерві 1,9 млрд долларға өсіп, І тоқсанның соңында 37,8 млрд долларға жеткен. Оған әсер еткен негізгі фактор – алтын нарығындағы «жарыс». Осылайша, қарастырылып отырған кезеңде бағалы металдың бағасы 7%-ға өсіп, бір троя унциясы 2 062,4-тен – 2 207 АҚШ долларына дейін жетті. Алтын құны осы тоқсанда тек бір рет 2 000 АҚШ долларынан түсіп, 1990,8 АҚШ долларына дейін төмендеді. Ал, алтын бағасының ең жоғары құны 1 троя унциясы 2210,65 АҚШ долларына теңелгенде тіркелді.

Алтын нарығындағы құбылмалылық АҚШ ФРЖ-нің мөлшерлемесіне қатысты инвесторлар болжамының өзгеруіне, нарық болжамдарына сәйкес келмейтін АҚШ-тың макроэкономикалық статистикалық деректеріне, сондай-ақ әлемдегі геосаяси жағдайдың өршуіне байланысты болды. Осылайша, нарық бұлыңғырланып, геосаяси ахуал шиеленіскен шақта алтын қорғаныс активі болып қала берді.