Жаңалықтар

Наурыз айында қолма-қол долларға деген сұраныс артқан

Қолма-қол долларға деген сұраныс артқан Фото: Shutterstock

Наурыз айында қазақстандықтардың долларға деген сұранысы артқан. Есесіне халық рубльді жаппай сатып жатыр. Ұлттық банктің шетел валютасын сатып алу/сату статистикасына сай, қазақстандықтар 1,7 млрд теңгеге тең рубль сатқан.

Ақпан айымен салыстырғанда, айырбастау пунктеріндегі доллар сатылымы 5,5 пайызға өсіп, 158,5 млрд теңгені құраған. Наурызда халық 8,3 млрд теңгеге артық доллар сатып алған.

Бұл динамикада Алматының үлесі басым. Сатылған доллардың басым бөлігін – 55,3 млрд теңгеге алматылықтар сатып алған. Ақпан айындағы көрсеткіштен 28,5%-ға (12,3 млрд теңге) артық. Алайда қолма-қол валюта нарығында маңызды рөл атқаратын Астана қаласының көрсеткіші 42,4%-ға (5 млрд теңгеге) 6,7 млрд теңгеге дейін төмендеген.

Ал рубльдің нетто-сатылымы теріс аймаққа (-1,7 млрд теңге) өткен, яғни тұрғындар қолындағы рубльден арылып жатыр. Халық 2023 жылдың қазан айында рубльді жаппай сатқан еді. Қазан айында айырбастау пунктерінде рубльді нетто-сатып алу көлемі 6,13 млрд теңгені құраған. Қыркүйек айында бұл көрсеткіш 2,7 млрд теңгеге теңге еді. Ал тамыз айында айырбастау пунктері, керісінше, 12,9 млрд теңгеге рубль сатқан болатын.

Еуроға қатысты таза сұраныс та төмендеп жатыр: бір ай бұрынғы 21,2 млрд теңгемен салыстырғанда 19 млрд теңгеге еуро сатылған. Бұл ретте сұраныстың төмендеуінде Солтүстік Қазақстан мен Алматының үлесі зор.

2024 жылдың ақпан айында Қазақстанда Қытай валютасына деген сұраныс артқан еді. Өткен айда ақша айырбастау орындары 233,8 млн теңгеге юань сатқан. Бұл көрсеткіш алдыңғы аймен салыстырғанда (67,8 млн теңге) 3,4 есе артық.

Ақпанда Ресей рублі мен долларға деген сұраныс та біршама төмендеген. Өткен айда республика бойынша 3,4 млрд теңгеге рубль айырбасталған. Айырбастау пунктеріндегі доллар сату көлемі 20,9% азайып, 190 млрд теңгеден 150,3 млрд теңгеге дейін төмендеді.

Ал қаңтар айында халықтың еуроға деген сұранысы артқан болатын. Бұл айда ақша айырбастау пунктеріндегі еуроның таза сатылымы 21,6 млрд теңгені құрады. Ол – 2023 жылдың мамырынан бергі ең жоғары көрсеткіш.