Биыл Қазақстанның барлық мектебінде соңғы қоңырау соғылмайды. Оның орнына барлық мектепте оқу жылының аяқталуына арналған бірыңғай сынып сағаты өтеді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі хабарлады.
Ведомство жарияланған мәліметке сүйенсек, 2023-2024 оқу жылын 3,8 млн-нан астам қазақстандық оқушы аяқтайды, оның 186 мыңы – мектеп түлектері. Биылғы оқу жылының ұзақтығы 34 аптаны құрайды, оқу 25 мамырда аяқталады.
«Су тасқынынан орын алған жағдайға және 25 мамырдың демалыс күніне сәйкес келуіне байланысты 24 мамыр күні барлық мектептерде сабақтың 2023-2024 оқу жылының аяқталуына арналған сынып сағаты ұйымдастырылады. Онда сынып жетекшілері оқушылармен бірге өткен оқу жылын қорытындылайды. Су тасқыны болған өңірлердегі сабақ қашықтықтан ұйымдастырылған балалар үшін сынып сағаттары онлайн форматта болады» – деп атап өтті Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаменті директорының орынбасары Қарлығаш Құрманбекова.
11 (12) сынып түлектеріне аттестат тапсыру және ерекше үлгідегі «Алтын белгімен» марапаттау 19-22 маусым аралығында мектептердегі барлық емтихандар аяқталғаннан кейін өтеді. Бұдан бөлек министрлік өкілдері 9-11-сынып түлектерінің қауіпсіздігін және емтихандарға сапалы дайындығын қамтамасыз ету мақсатында ақша жинауға, салтанатты іс-шаралар, банкеттер ұйымдастыруға және автомобильдермен шығуға тыйым салынатанын ескертті.
Айта кетейік су тасқыны болған алты аймақтағы түлектер үшін ҰБТ бөлек кестемен өткізіледі. Бұл жөнінде Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Оқу-ағарту министрлігі төртінші тоқсан қарсаңында 88 мектеп қашықтан оқитынын айтты. Оқу-тәрбие процесі мемлекеттік жалпыға бірдей білім беру стандарттарына сәйкес ұйымдастыруына барлық жағдай жасалған.