Ақтөбеде құрылыс компаниясы үлескерлерді 2,5 млрд теңгеге алдаған

Жарияланды
Күдіктілер қамауға алынып, прокуратура тергеу жүргізді / Фото: архив kursiv.media

Ақтөбеде жосықсыз құрылысшылар үлескерлерді 2,5 млрд теңгеге алдап кеткен. Прокурорлар үлескерлерді сан соқтырған құрылыс компаниясының басшыларына қатысты істі тергеп, сотқа жіберді. Бұл туралы облыстық прокуратура хабарлады.

Ақтөбе облысы прокуратурасының үйлестіруімен ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы және 279-бабы 1-бөлігі («Алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен бөтеннің мүлкін жымқыру, сондай-ақ құрылыс қызметі саласындағы ережелерді немесе талаптарды бұзу») бойынша соталды тергеу-тексеру аяқталды.

«Атап айтқанда, 2019-2023 жылдар аралығында «Safina» тұрғын үй кешенінің басшысы К. және бір серіктестіктің директоры А., Ақтөбе қаласының 12-ші ықшам және «Алтын Орда» аудандарында салынып жатқан көпқабатты үйлерден пәтер береміз деген желеумен үлескерлердің 2,5 млрд теңге қаражатын иемденген»,-делінген хабарламада.

Екі күдіктіге қатысты қылмыстық істің материалдары Ақтөбе қаласының №2 сотына жолданды.

Айта кетейік, Қазақстан үкіметі үй салуға үлескерлердің қаражатын тартатын құрылыс компанияларын қатаң бақылауға алмақшы.

«Ашық НҚА» порталында мемлекеттік деректер базасын біріктіру бойынша пилоттық жобаны іске қосу туралы Индустрия және коммуникациялар министрлігінің бірлескен бұйрығы жарияланды. Онда Үкімет әрбір үлестік қатысу шартын мемлекеттік органдардың тексеруі үшін арнайы жүйеде тіркеуді ұсынады. Жобаны талқылау 6 мамырға дейін жалғасады. 

Құжатқа сәйкес, құрылыс компаниясы алдымен үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсат немесе Қазақстандық тұрғын үй компаниясының кепілдігін алады. Алты күн ішінде ЭЦҚ пайдалана отырып, тұрғын үй кешенін тіркеуге арналған өтінішін үлестік қатысудың бірыңғай ақпараттық жүйесіне жібереді(www.qazreestr.kz). Егер құрылыс компаниясы ұсынған құжаттар дұрыс болмаса, жергілікті атқарушы орган өтінімді тіркеуден бас тарта алады.

2023 жылы заңсыз құрылыс салушылардың кесірінен қазақстандықтар 30 млрд теңге шығынға батқан. Осыған байланысты үлескерлік саладағы заң өзгеріп, үлескер қаржысын тартуға қойылар талап қатаяды. 

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда 6,8 мың үлескердің ақшасын тартқан 44 проблемалық нысан бар. Оның ішінде Астана қаласында 16 нысан (4,1 мың үлескер), Алматыда – бір (155 үлескер), Ақмола облысында – төрт (644 үлескер), Атырау облысында – бес (470 үлескер), Ақтөбе облысында – 11 (626 үлескер), Маңғыстау облысында – алты (750 үлескер), Солтүстік Қазақстан облысы – бір (58 үлескер) нысан бой көтерген. 

Сондай-ақ оқыңыз