Негізгі капиталға инвестиция 0,8 пайызға қысқарды. Ол Қазақстан экономикасына қалай әсер етеді?

Жарияланды (жаңартылды )

2024 жылдың алғашқы үш айында Қазақстанда негізгі капиталға салыған инвестиция 0,8%-ға қысқарды. І тоқсан үлесіне негізгі капиталға салынатын жылдық жалпы инвестицияның тек 15 пайызы келетіндіктен, көрсеткіштің сәл-пәл төмендеуі – алаңдауға тұраралық жайт емес. Дегенмен ол Қазақстан экономикасы өсімінің тұрақсыздығы және ел экономикасында теңгерімнің жоқтығына тағы да назар аудартады. Әзірге экономикалық өсім Қазақстанның саяси билігі меже етіп қойған көрсеткіштен төмен қалыптасып жатыр.

Иллюстрация: shutterstock.com

Нөл де сегіз

Негізгі капиталға инвестициялар – инвесторлардың жаңа құрылыс, сондай-ақ объектінің кеңейту (объектінің бастапқы құнының ұлғаюына әкеп соғатын) жағдайында инвесторлар үшін экономикалық, әлеуметтік немесе экологиялық әсер алу мақсатындағы инвестициялар, машиналар, жабдықтар, көлік құралдарын сатып алу, негізгі табынды, көпжылдық екпелерді қалыптастыруға кететін шығындар және т.б. Бұл – Ұлттық статистика бюросының терминге берген анықтамасы.

Бұл көрсеткіштің өзгеруі Премьер-Министр, Ұлттық экономика министрі мен облыс әкімдерінің бақылауында. Бүгінгі инвестиция көлемі ертеңгі экономикалық өсімді анықтайды. Сондықтан шенеуніктер жалпы ішкі өнім өсіміне жауапты болып тұрған шақта, негізгі капиталға салынған инвестиция да олардың ерекше назарында болады.

Кейінгі 20 жылда жылдық мәнде бұл көрсеткіш небәрі екі рет: 2009 және 2020 жылдары тиісінше 3,0 және 3,9%-ға қысқарған. Сондықтан да айналдырған бір тоқсанда негізгі капиталға салынған инвестицияның қысқаруы – назар аудартатын оқиға.

2024 жылдың қаңтар-наурыз қорытындысы бойынша, бұл көрсеткіш шамамен 1 пайызға төмендеді. Соңғы жылдардың ретроспективасына қарасақ, бұл аса үлкен құлдырау емес. 2021 жылдың бірінші тоқсанында инвестициялар 9,6%-ға қысқарған еді. Бірақ кейін ол көрсеткіш көтерілді.

2022 жылғы қаңтар-наурызда жалпы экономикадағы күрделі шығындар қалпына келіп жатқанын байқатты (+1,5%). Ал өткен жылдың сәйкес кезеңінде 16,1%-ға өскен.

Ресми статистика ұсынған талдамалық бөлімдер соңғы көрсеткіштің өзгеруіне әсер еткен әртүрлі фактор туралы түйін жасауға мүмкіндік береді.

Биыл І тоқсанда негізгі инвестиция жалпы көлемнің шамамен 37%-ын құрайтын ірі кәсіпорындар (-22%) инвестициясының төмендеуіне байланысты қысқарған. Өңірлік бөліністе республиканың алты өңірінде инвестиция төмендегені байқалады. Олардың ішінде Атырау (-29,5% ж/ж), Маңғыстау (-10,3%) және Ақтөбеде (-10,5%) қатты қысқарғанын көреміз. Ал бұл үш өңірге ел бойынша негізі капиталға салыған инвестицияның 23 пайызы тиесілі еді.

Салалық тұрғыда қарастырсақ, тау-кен өнеркәсібі (-23,7%), жылжымайтын мүлікпен операциялар (-3,7%), ауыл шаруашылығы (-18,2%) және саудаға (-14,3%) құйылатын инвестиция қысқарған. Осы төрт сектор жалпы инвестиция көлемнің 57%-ын алады. Тек тау-кен өндірісіне ел капиталының 47%-ы тиесілі.

Өнеркәсіптің жекелеген салаларын талдай келе, инвестиция азаюының басты себебін анықтай түсеміз. Ол – мұнай мен газ өндіретін компаниялар салған инвестицияның қысқаруы. Ең керемет кезеңдерде ел экономикасына І тоқсанда салынатын инвестицияның 30 пайызына дейін солардың үлесіне келер еді. Әңгіме Атырау, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарында шоғырланған ірі кәсіпорындар туралы болып тұр. Биыл мұнай-газ компаниялары жылдық инвестиция көлемін 31,6%-ға дейін қысқартты. Ал жалпы инвестиция көлеміндегі үлесі 20 пайызға дейін төмендеді. Алайда тау-кен саласындағы басқа кәсіпорындардың да салған инвестициясы азайып келеді. Айталық, көмір өнеркәсібі (–44,0%) және басқа да пайдалы қазбалар өндірісінде инвестиция қысқарған.

Экономикада бұл нені білдіреді?

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, елдің қысқа мерзімді экономикалық көрсеткіші (ЖІӨ динамикасын болжайтын көрсеткіш) І тоқсанда 4,7%-ға өскен. Экономикалық өсімді құрылыс (+15,9%), байланыс (+9,3%) және көлік және қойма шаруашылығы (+8,3%) салаларының үдемелі өсуі қамтамасыз етті. Бұл ретте осы салалардағы кәсіпорындар да күрделі шығынын арттырғанын ескеру керек.

Ауыл шаруашылығы (+1,6%), сауда-саттық (+3,3%) және тау-кен өнеркәсібінде (+1,9%) әлсіз динамика тіркелді. Дәл осы салаларда негізгі капиталға салынатын инвестицияның азайғаны байқалды. Экономика салаларындағы қазіргі жағдайдың нашарлауы көбіне күрделі салымдар динамикасына тікелей әсер етеді. Өйткені қазақстандық кәсіпорындар негізгі капиталға инвестицияны жеке қаражатынан салады (жалпы көлемнің 77%).

Экономиканың да, мұнай-газ өнеркәсібінің де ауқымында бірінші тоқсандағы құлдырауды еңсеруге болады. Өйткені І тоқсанға жалпы жылдық инвестицияның алтыдан бір бөлігі келеді. Ал мұнай-газ компаниялары салатын жалпы инвестицияның тек 20 пайызы алғашқы 3 айдың үлесіне тиесілі. Әлемдік нарықтағы жағымды конъюнктураны ескере отырып, бұл кәсіпорындар алдағы 9 айда инвестициялық жоспарын артығымен орындай алады.

Инвестиция құйып отырған қандай кәсіпорындар

Алайда қазіргі инвестициялық жағдайға қатысты назар аудартатын бір жайт бар. Ондаған жыл бойы, бір жағынан, экономиканың шикізаттық емес секторларын, екінші жағынан шағын және орта бизнесті дамыту бағдарламаларын жезеге асырып жатқанымызға қарамастан, инвестицияны ірі мұнай өндіруші компаниялары салып отыр. Электротехника (2024 жылдың бірінші тоқсанында өсім 3,9 есе), автомобиль жасау (өсім 6,8 есе) және тігін өндірісі (өсім 8,7 есе) сияқты салалардағы инвесторлардың белсенділігі қысқарудың орнын толық толтыра алмайды. Өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары 30 пайыздық өсім көрсеткеніне қарамастан, бүкіл республикалық инвестицияның 11 пайызын ғана қамтамасыз етіп отыр.

Негізгі капиталға салынған инвестиция динамикасы мен сапасы – Қазақстан экономикасының түйкілді тұстарының бірі. Бұны Ақордада да байқап отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы жолдауында 2029 жылға дейінгі реформалардың мақсаты «6-7 пайыз деңгейіндегі тұрақты экономикалық өсім» болатынын атап өтті. Биыл ақпан айында Үкіметтің кеңейтілген отырысында да Президент негізгі капиталға инвестицияның жалпы ішкі өнімге қатынасы әлсіз екеніне тоқталды. Соңғы 10 жылда бұл көрсеткіш 15–18% аралығында қалыптасса, ал кейінгі үш жылда төменгі шекке жақындап қалған. «Негізгі капиталға салынған инвестицияның ішкі жалпы өнімге шаққандағы үлесі азайып барады. Бұл күрделі жағдай деуге болады. Себебі экономикаға жеткілікті қаражат салынбай жатыр. Соның салдарынан алдағы жылдары елдің даму қарқынын сақтап тұрудың өзі қиын болуы мүмкін», – деген еді Тоқаев.

Сондай-ақ оқыңыз