Павлодар облысында Екібастұз 2-МАЭС бюджетке 640 млн теңгеден астам салық төлеуге міндеттелген. Бұл туралы облыстық прокуратура хабарлады.
«Павлодар облысының прокуратурасы жүргізген тексеріспен Екібастұз 2-МАЭС бюджетке 640 млн теңгеден астам салықты төлеу жөніндегі міндеттерін орындамау фактісі анықталды», – делінген хабарламада.
Облыстық прокуратура қадағалау актісі бойынша қаражатты мемлекет пайдасына өндіру жөнінде тиісті шаралар қабылдап, 2-МАЭС соманы бюджетке төлеп үлгерген.
Екібастұз МАЭС-2 «Самұрық-Қазына» қорына тиесілі. Дәлірек айтсақ, оның 50%-ы «Самұрық-Энерго», 50%-ы «Самұрық-Қазына» құрамына кіреді. 2023 жылы «Самұрық-Энерго» станциясдағы энергоблоктарын жаңғыртуға Ресей мемлекеттік корпорацияларының қаржысы мен Бірыңғай зейнетақы қорының қаражаты тартылуы мүмкін екендігін хабарлаған.
«Біз ЕАДБ (Еуразиялық даму банкі – Курсив) арқылы Ресеймен келіссөз жүргізіп жатырмыз», – деді «Самұрық-Энерго» өкілі.
Оның айтуынша, қарыз рубльмен де, теңгемен де берілуі мүмкін. Аталмыш жобалар құнының 20-30%-ын қазақстандық компания қоса қаржыландырса, қалған бөлігі несиемен жабылады. Сонымен қатар ол ресейлік тараптың энергетикалық еншілес компаниялар капиталына кіру мүмкіндігін жоққа шығарып, серіктестікті тек қаржыландыру және технологиямен қамтамасыз етумен ғана шектелетінін айтып өтті.
ЕАДБ-ға жақын дереккөз «Курсивке» бұл мәселе бойынша келіссөз шынымен жүріп жатқанын растады. Алайда ЕАДБ өзі келіссөз фактісін растамады, тек «бұл мәселеге қатысты ресми түсініктеме бере алмайтын» атап өтті. Қазір Ресей ЕАДБ ірі акционері болып отыр – 44,79% (бұрын 65,98%). Ұйымның басқа акционерлер: Қазақстан – 37,29%, Армения – 4,23%, Қырғызстан – 4,23%, Беларусь – 5,21%, Тәжікстан – 4,26%.
2022 жылы қарашада Екібастұз қаласы 30 градустық аязда жылусыз қалған еді. Жылу желілеріндегі суды көп тұтынуға байланысты қалалық ЖЭО-да қазандық агрегаттары тоқтады. Қалаға барған сол кездегі үкімет басшысы Әлихан Смайылов апатқа кінәлі адамдар жауапқа тартылады деп мәлімдеген.