«Қазақтелеком» АҚ бас қаржы директоры Людмила Атамұратова «Мобайл Телеком-Сервисті» сатып алатын қатарлық компанияға қандай талаптар қойылатынын айтты.
Бұған дейін компания Қатардың Power International Holding-і Tele2 және Altel брендтерімен жұмыс істейтін «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-ні сатып алуды жоспарлап отырғанын хабарлаған. Осы мақсатта ақпан айында үшжақты келісімге қол қойылған.
«Ұялы байланыс операторы үшін 5G жиіліктерінің стратегиялық маңыздылығын, сондай-ақ жобаға кететін қаражат пен оны сақтау үшін лицензиялық міндеттемелерді орындау қажеттілігін ескере отырып, инвестор 5G желісін орнату жобасын одан әрі іске асыруға мүдделі болады деп болжаймыз. Бұдан басқа, заңнаманың талаптарына сәйкес әлеуетті мәмілені аяқтау үшін монополияға қарсы орган – Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің келісімін алу талап етіледі», – деп атап өтті «Қазақтелеком» АҚ қаржы директоры.
Естеріңізге сала кетейік, «Қазақтелеком» компаниялар тобына кіретін операторлардың бірін сату туралы әңгіме Қазақстанда көптен бері айтылып келеді. Кейін компания жыл соңына дейін «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-ні (Tele 2 және Altel брендтері) сататыны анықталды.
Қазіргі уақытта – «Қазақтелеком» «Мобайл Телеком Сервис» жалғыз акционері. Сондай-ақ мемлекеттік холдингке Kcell акцияларының 51%-ы тиесілі.
Кейін Қатардың Power International Holding холдингі Tele2 және Altel брендтерімен жұмыс істейтін «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-ні сатып алуды жоспарлап отырғаны белгілі болды.
Power International Holding – бұл экономиканың түрлі секторларын қамтитын Қатар конгломераты. Компанияда 65 мыңға жуық қызметкер жұмыс істейді, әлем бойынша 1000-ға жуық түрлі жобалар іске асырылуда. Мәселен, 2022 жылдың қазан айында Қатар Әмірінің Қазақстанға ресми сапары аясында холдинг Астанада құны 300 миллион долларға жуық ірі халықаралық медициналық кешен салу туралы Меморандумға қол қойған болатын.