Жаңалықтар

Қазақстанда өндірісті дамытуға 660 млрд теңге бөлінген: бұл қаражатты қандай компаниялар алды?

өнеркәсіптік-инновациялық
Қазақстанда 2023 жылы 544 өнеркәсіптік-инновациялық жоба қаржыландырылған / коллаж kursiv.media (gov.kz), бильд-редактор: Артур Алескеров

Қазақстанда 2023 жылы жалпы сомасы 661,5 млрд теңгеге өңдеу өнеркәсібіне қатысты 544 өнеркәсіптік-инновациялық жобаға қолдау көрсетілген. Бұл жайлы Парламентте өткен Үкімет сағатында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтты.

Елдегі өндірістік компаниялар әртүрлі операторлардан қаржылық қолдау алған.

Өнеркәсіпті дамыту қоры лизингтік қаржыландыру бойынша жалпы сомасы
187 млрд теңгеге 27 жобаға қолдау көрсеткен.

«Лизингтік қаржыландыру бойынша жалпы сомасы 187 млрд теңгеге 27 жоба қолдау тапқан. Оның ішінде жеңіл автомобильдер өндірісі бойынша «Astana Motors Manufacturing Kazakhstan» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, фарфор плиткаларын өндіру бойынша «Ақтөбе Зерде-Керамика» және  автомобиль шиналарын өндіру бойынша «KamaTyresKZ» компанияларына қолдау көрсетілді», – дейді Шарлапаев.

Мұндағы Нұрлан Смағұлов иелік ететін «Astana Motors Manufacturing Kazakhstan» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 52,8 млрд теңге бөлінген. Ал Қанат Битеміровтің фарфор плиткаларын өндіретін «Ақтөбе Зерде-Керамика» компаниясына 4 млрд теңге, Андрей Лаврентьевке тиесілі «KamaTyresKZ» компаниясына 1,6 млрд теңге бөлінген.

Ал «Қазақстанның даму банкі» АҚ 123,4 млрд теңге сомасына экспорт алдындағы қаржыландыру арқылы 23 жобаға қолдау көрсеткен. Бұл қаражаттан Смағұловтың «Hyundai Trans Kazakhstan» ЖШС-не 15,2 млрд теңгеге қолдау көрсетілген. «Проммашкомплект» теміржол дөңгелектерін өндіретін зауытқа 14,6 млрд теңге бөлінсе, «Орал трансформаторлық зауытына» 7 млрд теңге көлемінде көмек берілген.

«Qazaqstan Investment Corporation» АҚ үлестік және мезониндік қаржыландыру бойынша 20,04 млрд теңге сомасына 7 жобаны қаржыландырған. Оның ішінде металл өңдеуге арналған  Александр Ларионовтың «Қазақстандық ыстық мырыштау зауыты» ЖШС-не 5 млрд теңге бөлінген. Ал құрамында азот бар қосылыстарды өндірумен айналысатын «Talas Investment Company» ЖШС-не 4,8 млрд теңге, «Alit Holding» құрғақ құрылыс қоспалары мен ерітінділерін өндіретін зауытқа 3,3 млрд теңге бөлінген.

«KazakhExport» АҚ экспорттық сақтандыру бойынша 324 млрд теңге сомасына 77 жобаға қолдау көрсеткен. Оның ішінде Андрей Лаврентьевтің «Qarmet» кәсіпорнына 39,4 млрд теңге, тыңайтқыш өндіретін «Жамбыл фосфор зауытына» 34,2 млрд теңге, «Talas Investment Company» құрамында азот бар қосылыстар өндіретін зауытқа 4,8 млрд теңге қаржы берілген.

Ал «QazTrade» Сауда саясатын дамыту орталығы АҚ отандық өңделген тауарларды сыртқы нарықтарға жылжытуға байланысты 288 жоба бойынша шығындар өтелген. Оның ішінде ақпараттық-коммуникациялық қызметтерге 6,3 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінген. Батареялар өндіретін «Қайнар-АКБ» ЖШС компаниясына 236,8 млн теңге, электр сымдары мен кабельдерді өндіретін «Казэнергокабель» АҚ-ға 35,3 млн теңге, өнеркәсіптік шыны өңдеумен айналысатын «Стекло-Сервис» ЖШС-ге 34,1 млн теңге қаржы жұмсалған.

«ҚИЭО «QazIndustry» АҚ 0,8 млрд теңге сомасына 122 жоба бойынша еңбек өнімділігін арттыруға жұмсалған шығындарды өтеген.

Еске сала кетсек, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев үкіметте дамудың шикізаттық моделінен бас тарту мәселесі қарастырылып жатқанын айтты. Ол ішкі өңдеуді ұлғайта отырып, дамудың шикізаттық моделінен бас тарту мүмкіндігі бар деп санайды. Бұл мақсатқа министрлік инвестицияларды тарту, жобаларды және жүйелі шараларды іске асыру есебінен қол жеткізуді көздеп отыр.

Айта кетейік, Astana Motors компаниясының баспасөз қызметі артынша түсініктеме беріп, аталмыш қаражаттың қаржылық көмек ретінде берілмегенін, бұл қаражаттың компанияға қарызға берілгенін хабарлады.

«Түсіндіре кетсек, бұл қаржылық көмек емес, бұл қарызға алынған және қайтарылатын қаражат. Ол Astana Motors Manufacturing Kazakhstan автомобиль зауытының құрылысы жобасын жүзеге асыруға бөлінген. Бұл қаражатқа құрылыс-монтаждау жұмыстары мен жабдықтарды лизингке алу жұмыстары қаржыландырылды. Сыйақы мөлшерлемесі – жылына 9%»,- делінген компанияның баспасөз хабарламасында.