OneWeb спутниктік интернеті Қазақстанда 2024 жылдан қосылады. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі хабарлады.
«Көктерек» ғарыштық байланыс орталығының аумағында OneWeb геостационарлық емес байланыс желісін қосу жөніндегі станциясын құру жұмыстары аяқталуда. Коммерциялық қызметтерді ұсынуға техникалық дайындық 2024 жылға жоспарланған»,- делінген хабарламада.
Қазақстанда OneWeb спутник байланысын пайдалану 328 ауылды интернетке қосу мәселесін шешпек.
Цифрлық даму министрлігі аталмыш компаниямен ынтымақтастық туралы меморандумға 2021 жылы қол қойды. Сол кезде Орталық Азия елдерін жоғары жылдамдықты спутниктік интернетпен қамтамасыз ететін Орталық Азиялық OneWeb техникалық орталығын ашу жоспарланған болатын.
Компанияны 2012 жылы Грег Уайлер құрған. Компания өзінің алғашқы спутниктерін 2019 жылы ұшырды. Airbus, Intelsat, Qualcomm, Virgin Group, Coca-Cola және басқа да компаниялары жоба инвесторы болды.
Бұдан бөлек, 2023 жылы ҚТЖ мен OneWeb компаниясы Қазақстанның темір жолдарындағы интернет байланысын жақсартуға бағытталған келісімге келген еді. Ынтымақтастық аясында Қазақстан темір жолында оның спутниктік терминалдарын сынақтан өткізуді бастау жоспарланған. Бұл шалғайдағы нысандар мен пойыздарды байланыс және интернетпен жабдықтауы тиіс.