Жаңалықтар

Су тасқыны салдарынан Қазақстан экономикасының өсу қарқыны төмендейді – AERC

AERC: ЖІӨ өсімін 4,2% деңгейінде болжады / Фото: shutterstock

Қолданбалы экономикалық зерттеулер орталығы (AERC) тоқсан сайынғы макроэкономикалық шолуын жариялады. Орталық сарапшылары әлемде болып жатқан жайттар дүние жүзінің экономикасына бұрынғыдан да жылдам әсер ете бастағанын айтады. Оның ішінде геосаяси қысым Ресей мен Украина аумағында ғана емес, Таяу Шығыста да күшейе түсті.

Таяу Шығыс геосаяси қысымды күшейтті

«Таяу Шығыстағы шиеленіс дамыған елдер мен «аластатылған елдер» деп аталатын стратегиялық мүдделерді бұзудың жаңа алаңына айналды. Иранның Израиль аумағына шабуылы айтарлықтай нәтиже бермеді. Бұл Иранның техникалық даму деңгейінің артта қалғандығын, сондай-ақ мұсылман мемлекеттерінің қолдауының жоқтығын көрсетті. Дамыған елдерден басқа, Израиль, АҚШ және Ұлыбритания коалициясына Парсы шығанағындағы монархиялар қосылды. Бұл Иранды «аластатылған», оқшау ел ретінде көрсетеді», – деп есептейді сарапшылар.

Орталық мамандары жаһандық экономика рецессия тәуекелдерінен өтіп, инфляция төмендеді деп есептейді. Бұған мысал ретінде Халықаралық валюта қорының шолуын келтірді. Сәуір айындағы шолуында ұйым 2024-2025 жылдары жаһандық экономика 3,2% өседі деп болжайды. Бұл тарихи ең баяу өсім болып есептеледі.

Қазақстандағы су тасқыны ел экономикасына салмақ салады

Ал Қазақстан экономикасына ауқымды су тасқыны әсер етеді. Республика тәуелсіздік алғаннан бері мұндай ауқымды төтенше жағдай алғаш рет болып отыр. Сарапшылардың пайымынша, су тасқыны салдарынан келтірілген залал қысқа мерзімді перспективада Қазақстан экономикасының өсуіне айтарлықтай кедергі болуы мүмкін.

«Шығынның толық сомасы әлі есептелмеген, бірақ мемлекет инфрақұрылымды қалпына келтіру үшін қомақты қаржы жұмсау қажет екені белгілі. Республикалық бюджеттің кіріс бөлігінің толық орындалмауына байланысты қосымша қаражат бөлу қиынға соғуда. Шығынның өсу қарқыны кірістен тұрақты асып кетуі бюджеттік саясаттың шығындарды шоғырландыруға бағытталғаны туралы Үкімет тезисін теріске шығарады», – деп жазылған шолуда.

І тоқсанда Қазақстан экономикасында қандай өзгерстер байқалады?

Қолданбалы экономикалық зерттеулер орталығының шолуына сүйенсек, І тоқсанда Қазақстан экономикасында нақты сектордың өсу қарқыны бәсеңдеп, қызмет көрсету секторы жеделдеді. Сонымен қатар негізгі капиталға инвестиция мен жүк айналымының көлемі қысқарды. Жылдық мәндегі инфляция 2024 жылдың басынан бері төмендеді. 2024 жылғы наурызда 9,1% (ж/ж) құрады.

«Дегенмен өткен жылдан бері ақылы қызметтер бағасы өсуде. Проинфляциялық тәуекелдер сақталады», – деп жазылған шолуда.

Болжам өзгерді

AERC Қазақстанның 2024 жылға арналған экономикалық өсу болжамын аздап төмендетті. Себебі елдің 10 облысында су тасқыны болып, сондай-ақ ОПЕК+ келісімі бойынша мұнай өндіруді ерікті түрде қысқарту қолға алынды.

«Жиынтық сұраныс моделі бойынша ЖІӨ өсімі 4,2% деңгейінде болжануда (бұрын – 4,6%), жиынтық ұсыныс моделі бойынша бағалау 4,5%-дан 4,2%-ға дейін нашарлады», – деп хабарлады орталық.

AERC 2024 жылға арналған орташа жылдық инфляция болжамын 9,1%-ға дейін төмендетті. Мамандар пайымынша, мұнай нарығындағы экспорттың қалыпты өсуіне қарамастан, тауарлар мен қызметтер импорты жалпы экспорттан асып түседі. Сондай-ақ, AERC төлем балансының ағымдағы шоты нашарлайды деп болжады. 

Еске сала кетсек, бұған дейін Қолданбалы экономикалық зерттеулер орталығы Қазақстан экономикасы 2024 жылы 4,6% өседі деп болжаған еді.