Чукоткада ірі алтын-мыс кен орнын игеруге дайындалып жатқан «Баимская» тау-кен компаниясы АҚШ-тың санциялық тізіміне ілікті. Бұл туралы АҚШ-тың OFAC ( Шетелдік активтерді бақылау басқармасы) ұйымы хабарлады.
«Баимская» тау-кен компаниясы Чукотка автономиялық округіндегі Песчанка мыс-порфир кен орнында металл өндіруге лицензия алған.
2018 жылы компанияны қазақстандық KAZ Minerals Роман Абрамович пен Александр Абрамовтың Aristus Holdings компаниясынан сатып алған. Мәміле сомасы қолма-қол ақша мен акциялар түрінде 900 миллион долларды құрады.
2023 жылдың шілдесінде оны KAZ Minerals-тың негізгі акционерлері – Владимир Ким мен Олег Новачукке тиесілі Trianon Limited сатып алды. «Бұл мәміле аяқталғаннан кейін KAZ Minerals Ресейдегі жұмысын тоқтатады», – деп түсіндірді қазақстандық өндіруші.
Trianon Limited компаниясын 2022 жылдың маусымында АХҚО қаржылық қызметтерді реттеу комитеті тіркеді. Trianon Limited – 2022 жылы Мәскеуде тіркелген «Баимская холдингі» мен «Баимская УК» компаниясының құрылтайшысы.
Аталмыш жобаға салынған күрделі инвестиция шамамен 8,5 миллиард долларға тең. Кен өңдеу қуаттылығы жылына 70 млн тоннаны, ал мыс өндіру көлемі жылына 300 мың тоннаны, алтын өндірісі жылына 490 мың унцияны құрайды деп болжанған. «Баимская» тау кен орнының ресурсы 9,5 миллион тонна мыс пен 16,5 миллион унция алтынға бағаланған. Кеніш 2027 жылдың соңына дейін пайдалануға берілуі тиіс.
Кен орнында қазіргі уақытта бастапқы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Кен орнын электрмен жабдықтауды «Росатом» корпорациясы салатын және басқаратын атом электр станциясы қамтамасыз етеді.
KAZ Minerals – Қазақстандағы жетекші мыс өндірушілердің бірі, сонымен қатар жанама өнім ретінде мырыш, күміс және алтын өндіреді. Ол Қазақстанның Бозшакөл мен Ақтоғай ашық кеніштерін және Шығыс Қазақстан облысындағы үш жерасты кеніштерін басқарады. Сонымен бірге Қырғызстанның Бозымшақ алтын және мыс ашық кенішін игереді.
KAZ Minerals акционері Владимир Ким әлемдегі ең бай адамдардың Forbes анықтаған тізімінде 896-орында тұр. Кәсіпкер «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нің негізгі иесі. Forbes дерегінше оның байлығы 3,6 млрд долларды құрайды.