Жаңалықтар

Үкіметтің өтініміне байланысты: Ұлттық банк мамыр айында Ұлттық қордан 750-850 млн доллар сатуды жоспарлап отыр

Ұлттық қордан
Ұлттық қордан 750-850 млн доллар сатылмақ. Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор – Зирепов Ахтам

Ұлттық банк сәуір айында Ұлттық қордан 1, 06 млрд долларға тең валюта сатқан. Бұл қаржы республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз етті. Ал мамыр айында бас банк Үкіметтің алдын ала өтініміне сай, Ұлттық қордан 750-850 долларға дейін валюта сатуды жоспарлап отыр.

Наурыз айымен салыстырғанда, Ұлттық қордан алынған қаражат көлемі 308 млн долларға артық. Алдыңғы айда қордан 748 млн долларға тең валюта сатылған.

Бас банктің хабарлауынша, Ұлттық қордан валюта сату үлесі сәуірдегі жалпы сауда-саттық көлемінің 21%-ын құраған. Күніне 48 млн доллардан аспаған.

Жалпы 2024 жылы бюджетке Ұлттық қордан 3,6 трлн теңге бөлінбек. Кепілдендірілген трансферт мөлшері – 2 трлн теңге. Заңмен кепілдендірілген трансферттерден бөлек, қордан жыл сайын нысаналы трансферттерге де қаражат бөлінеді. Биыл 1,6 трлн теңге республикалық ауқымдағы маңызды инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға бағытталады деп жоспарланған.

«Ұлттық Банк Ұлттық қордың қаражатымен операциялар жүргізу кезінде нарықтағы бейтарап қағидатын сақтайды. Бұл шетел валютасын біркелкі қалыпта сатуды білдіреді. Мұндай тәжірибе Ұлттық қордағы операциялардың валюта нарығына әсерін барынша азайтуға мүмкіндік береді», – делінген хабарламада.

2024 жылдың қаңтар айында бюджетке трансферт қамтамасыз ету үшін 1,05 млрд долларға тең валюта сатылғаны белгілі. Қордан сатылған валюта үлесі сауда-саттық көлемінің 29%-ын құрады.

Ал ақпан айында қордан 609 млн доллар сатылған еді. Одан түскен қаржы республикалық бюджетке трансферт ретінде жұмсалды. Бұл айда сатылған валютаның үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 16%-ын құраған. Сатылым көлемі күніне 29 млн доллардан аспаған.

Сәуір айында теңге бағамы 1,1%-ға, яғни 1 доллар үшін 442,05 теңгеге дейін нығайды. Қазақстан қор биржасындағы орташа күндік сауда-саттық көлемі бір айда 225 млн доллардан 234 млн долларға дейін жеткен. Жалпы сауда-саттық көлемі 1 млрд долларды құрады.

Ұлттық Банк сәуірде биржадан 500 млн доллар сатып алған,. Бұл БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін 30% деңгейінде ұстап тұру үшін қажет. Бұ қаржы жалпы нарық көлемінің шамамен 10%-ын құраған. Бас банк сәуірде валюталық интервенция жүргізбеген. Мамыр айында да 500 млн долларға дейін валюта сатып алу көзделген.