Ақпан айында Ұлттық қордан 609 млн доллар сатылған

Жарияланды
Шығарушы редактор
сатылған
Ұлттық қордан қанша валюта сатылды? Фото: kursiv.media

Ақпан айында Ұлттық қордан 609 млн доллар сатылған. Ал наурыз айында Ұлттық банк 700-800 млн АҚШ долларына тең валюта сатуды жоспарлап отыр. Одан түскен қаржы республикалық бюджетке трансферт ретінде жұмсалады. Ұлттық банк валюта нарығының өткен айдағы статистикасын ұсынды.

Қаңтар айында Ұлттық қордан $1,05 млрд валюта сатылған. Ол да бюджетке трансферт ретінде кетті. Өткен айдағы хабарламасында реттеуші Ұлтттық қордан 700 млн долларға тең валюта сатылуы мүмкін деген еді. Дегенмен ақпан айында Ұлттық қордан валюта болжамды цифрдан 1 млрд доллардан кем сатылды.

Жалпы, 2024 жылы бюджетке Ұлттық қордан 3,6 трлн теңге бөлінбек. Кепілдендірілген трансферт мөлшері – 2 трлн теңге. Заңмен кепілдендірілген трансферттерден бөлек, қордан жыл сайын нысаналы трансферттерге де қаражат бөлінеді. Биыл Ұлттық қордан 1,6 трлн теңге республикалық ауқымдағы маңызды инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға бағытталмақ.

Ұлттық қордан сатылған валютаның үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 16%-ын құраған. Сатылым көлемі күніне 29 млн доллардан аспаған.

Ақпанда теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 450,65 теңгеге дейін 0,6%-ға әлсіреді. Қазақстан қор биржасындағы бір күндегі орташа сауда-саттық көлемі бір айда 172 млн АҚШ долларынан 187 млн АҚШ долларына дейін жеткен. Жалпы сауда-саттық көлемі 3,9 млрд АҚШ долларын құрады.

Ұлттық Банк ақпанда биржалық сауда-саттықта шетел валютасын сатып алуды жалғастырған. Ондағы мақсат – БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін 30% деңгейінде ұстап тұру. Өткен айда Ұлттық банк биржадан 400 млн доллар сатып алған. Бұл сома нарықтың шамамен 10%-ын құрады.

Ұлттық Банк ақпанда валюталық интервенция жүргізбеген.

«2024 жылғы наурызда БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін ұстап тұру үшін 450 млн АҚШ долларынан 500 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатып алу күтілуде», – делінген хабарламада.

Сондай-ақ оқыңыз