Ұялы байланыс операторлары тарифтерді көтеріп жатыр. Бірақ соған қарамастан, байланыс инфрақұрылымы айтарлықтай дамымаған. Астананың өзінде интернет сапасы сын көтермейді. Мұның себебін ЦДИАӨМ вице-министрі Асқар Жанбакин түсіндіруге тырысты.
Журналистер Астанада қаланың қақ ортасында интернет сапасы нашар екенін айтты. Мәселен, министрлік ғимараты маңында интернет көрсеткіштері Е белгісін көрсетеді. Мұндай сападағы интернет тіпті автобуста төлем жүргізуге де жарамсыз. Министрлік өкілі заң негізінде базалық қондырғыларды үкімет ғимараты мен нысандарына орнатуға тыйым салынғанын, сол себепті мұндағы байланыстың нашар екенін атап өтті. Ал сол маңдағы тұрғын үйлердің ғимаратына байланыс станцияларының орнатылмағанына радиофобтарды кінәлады.
«Бұл тұрғын үйлерге тұрғындардың өзі байланыс қондырғыларын орнатуға қарсылық білдірген шығар», – деді вице-министр.
Сонымен бірге журналистер операторлардың тарифті көтеріп тастағанымен, соған сәйкес инфрақұрылым сапасы жақсармағанын да тілге тиек етті. БАҚ өкілдерінің айтуынша, баға сапаға сай емес. Оның нақты себебін атай алмаған министрлік өкілі бұл мәселені шешу үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр деп сендірді.
«Біз осы ақтаңдармен жұмыс істеп жатырмыз. Жалпы ұялы байланыс операторларының өздерінің инвестициялық жоспары бар. Олар тапқан табысына сай реинвестиция жасауы керек», – деді Жанбакин.
Сонымен бірге журналистер министрліктің екінші деңгейлі провайдерлердің құқын шектеп отырғанын айтты. Айтуларынша, мемлекеттік мекемелер мемлекеттік сатып алу туралы шартқа монполистердің мүддесін қорғайтын талаптар енгізеді. Мәселен, тендер техникалық ерекшеліктеріне мемлекеттік мекемелер интернет тек кабельмен жеткізілуі керек деген шарт енгізеді. Ал екінші деңгейлі провайдерлер интернетті тек сымсыз жеткізе алады. Мұнда кабельді интернетке негізінен «Қазақтелеком» иелік етеді.
«Мұны монополистердің мүддесіне жұмыс істеу деп түсінуге болатын секілді. Бұрынғы министр Бағдат Мусин бұл мәселені шешуге уәде берген. Алайда ол уәдесінде тұрмады», – деді журналист.
Алайда министрлік өкілі бұл мәселеден мүлде хабары жоқ екенін, сол себепті жауап бере алмайтынын жеткізді. Соңында министрлік өкілі журналистердің бірде-бір сұрағына толыққанды жауап бере алмаған күйі кетіп қалды.
Еске ала кетейік, Сенат «Байланыс туралы» заңды бірінші оқылымда мақұлдады. Оған сәйкес ауылдық және өнеркәсіптік секторларда байланыс қызметтерін субсидиялар көмегімен цифрландыру жүзеге асырылмақ. Сонымен бірге елдегі басқа операторлар кабельді канализацияға қол жеткізе алатын болады. Ал әзірше кабельді канализацияға негізінен «Қазақтелеком» АҚ иелік етуде.
Ал мұның алдында интернеттің сапасының нашар болуына экс-министр Мусин қала тұрғындарын кінәлаған еді. Айтуынша, министрлік елордадағы мобильді интернет байланыстарына текесеріс жүргізген. Нәтижесінде байланыс үзілген 67 тұрғын үй кешені анықталған. Тексеріс барысында бұл үйлерде радиофобтар тұратыны, олардың ғимаратқа базалық станцияларды орнатуға қарсы болғаны белгілі болғанын айтты.