Жаңалықтар

Қазақстанда Жасанды интеллект және инновациялық даму комитеті құрылады

деректер
Комитет жасанды интеллект саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады / Фото: shutterstock

Қазақстанда Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің жанынан Жасанды интеллект және инновациялық даму комитеті құрылады. Осыған орай Үкімет басшысының қаулысы жарияланды.

«Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Жасанды интеллект және инновациялық даму комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесі құрылсын»,- делінген Үкімет қаулысында.

Бұл мекеме:

  • жасанды интеллект саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз етуді;
  • жасанды интеллект технологияларын дамыту саласындағы құқықтық реттеуді әзірлеу және іске асыруды;
  • жасанды интеллект саласында салааралық үйлестіруді;
  • жасанды интеллект саласындағы сараптамалық кеңестің құрамы мен қызметі туралы ережені бекітуді;
  • Қазақстан Республикасындағы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жасанды интеллектіні дамыту мәселелері бойынша құжаттарын реттеуді жүзеге асырады.

Сонымен бұл қаулыға сәйкес Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Геодезия және картография комитеті республикалық мемлекеттік мекемесі таратылады.

Аталмыш құжат қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізілмек.

Еске сала кетсек, 2023 жылдың күзінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні нормативтік тұрғыда реттеу қажеттігін айтқан болатын. Қазіргі кезде 120-дан астам ел бұл мәселені шешу үшін әртүрлі заңнамалық акті қабылдаған. Мемлекет басшысы Қазақстанның да бұл саланы құқықтық тұрғыда реттеуі шетелдік компаниялардың нарыққа келуін ынталандыратынын мәлімдеген.

2023 жылдың маусымында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бұрынғы басшысы Бағдат Мусин жасанды интеллекті дамыту стратегиясы жарияланынын мәлімдеген. Ал осы жылдың басында Мусин Қазақстан өз жасанды интеллектін жасап шығу керек екенін мәлімдеді. Ол E-Gov-тағы деректерді Чат-GPT-ге беруге болмайтынын, сол үшін өз жасанды интеллектіміз керек екенін айтқан.