Жаңалықтар

Қазақстан мен Орта Азия бойынша құс етінен жартылай фабрикаттар өндіретін алғашқы зауыт ашылды

Қосшы қаласында құс етінен жартылай фабрикаттар өндіретін алғашқы зауыт ашылды /gov.kz

Қосшы қаласындағы «IL TOV» ЖШС-ге қарасты құс етінен дайын жартылай фабрикаттар шығаратын кәсіпорын ашылды. Қазақстан мен Орта Азия елдерінде бұған дейін мұндай жоба жүзеге асырылмаған. Бұл жөнінде Ақмобла облысы әкімдігінің сайтында ақпарат жарияланды.

Зауыт жартылай фабрикаттардың алғашқы партиясын бірнеше ай бұрын шығара бастаған. Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 3000 тоннадан астам дайын өнімді өндіруге жетеді. Өндірістік  желіде Германия мен Испанияның заманауи жоғары технологиялық жабдықтары қолданылады. Жалпы зауытта 80 адам жұмыс істейді. Алғашқы өндірістік желіге 90-ға дейін адам қабылдануда.

Зауыт директоры Сәния Омарованың айтуынша, шикізатты Макинск құс фабрикасынан жеткізілсе, дәмдеуіштер мен қаптамалар Қазақстанда жасалады.

Дайын өнім негізінен Қазақстанның ірі қалаларында сатылуда. Болашақта Ақмоланың жартылай фабрикаттары көршілес елдер – Өзбекстан мен Ресейге экспортталады.

 «Бұл Қосшы қаласында шығарылған алғашқы өнім. Жаңа піскен және сапалы жартылай фабрикаттар жақын болашақта Қосшы қаласының брендіне айналуы тиіс», – деді кәсіпорын жұмысымен танысқан облыс әкімі М. Ахметжанов.

Зауыт өндірістік қуатын 10-12 мың тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр. Қосымша инвестиция көлемі – 4 млрд теңге.

Сәуір айында «Қазақалтын» компаниясы («Алтыналмас» компаниясының еншілес кәсіпорны) Ақмола облысындағы Степногорск қаласынан 18 шақырым жерде орналасқан Ақсу кен орнында алтын өндіру көлемін арттыруды жоспарлағаны мәлім болды.Бірыңғай экологиялық порталда осыған қатысты құжат жарияланды.