Цифрлық даму министрлігі ақпараттық қауіпсіздік талаптарын бұзған компанияларда тексеріс жүргізіп, кейбіріне 1,8 млн теңге көлемінде айыппұл салған. Бұл жайлы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.
Министрлік әл-Фараби атындағы ҚазҰУ университетінде дербес деректердің тарап кету жағдайын тексерген. Оқу орнының мәліметінше, университетпен шартқа отырған медициналық ұйым қызметкері WhatsApp арқылы құпия құжаттарды таратып жіберген. Қызметкер Excel форматындағы құжатта флюорографиялық зерттеуден өту үшін студенттер тізімін жібергенде, құпия деректер де кетіп қалған.
Ведомство хабарлауынша, Алматы қаласының полиция департаменті Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасының талаптарын бұзу бойынша қылмыстық іс қозғаған. Нәтижесінде университеттің іс-әрекеттері бойынша сараптамалық қорытынды ұсынылған.
«Қылмыстық істің қорытындысы бойынша қылмыстық құқық бұзушылық фактілері болмаған жағдайда Министрлік әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесін қарайды»,- делінген баспасөз хабарламасында.
Сонымен қатар, министрлік 2024 жылғы 16 ақпанда қытайлық GitHub ресурсында қазақстандықтардың дербес деректерінің тарауына қатысты, ҰҚК және Мемелкеттік техникалық қызметпен бірлесіп «Қазақтелеком» АҚ, «БЖЗҚ» АҚ, Air Astana АҚ-на қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізген. Нәтижесінде 2 заңды тұлға – «Қазақтелеком» АҚ мен Air Astana АҚ ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы талаптарды бұзу фактісі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оларға 100 АЕК көлемінде (369 200 теңге) айыппұл салынған.
Ал 2 млн-нан астам қазақстандықтардың жеке деректерінің таралып кетуіне қатысты zaimer.kz микро қаржы ұйымына («МҚҰ» ЖШС Робокеш.кз») 1 846 000 теңге көлемінде айыппұл салынған. Министрлік хабарлауынша, осы факт бойынша азаматтардан 5000-нан астам өтініш келіп түскен.
«Министрлік ҚНРДА-мен бірлесіп, «Робокэш МҚҰ» ЖШС-не қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізді. Қазақстан Республикасының Дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасының талаптарын сақтау бойынша бұзушылықтар анықталды және ҚР ӘҚБтК 79-бабының төртінші бөлігі бойынша 500 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды»,- делінген хабарламада.
Тарап кеткен деректердің арасында банктік құпиялар да бар. Сондықтан деректері таралған азаматтар ҚНРДА-ға жүгіне алады. Сонымен бірге моральдық зиянды өтеу туралы мәселені қарау үшін азаматтар сотқа да жүгінсе болады.
Еске сала кетейік, ақпанда «Курсив» Алматы полициясы ҚазҰУ студенттерінің жеке деректерінің таралуы бойынша сотқа дейінгі тексеру басталғаны туралы жазған болатын. Сонымен бірге Қытайлық хакерлер екі жылдан астам уақыт қазақстандықтарды бақылап отырғаны жайлы да ақпарат жарияланды. Ол да ақпан айында болған. GitHub ресурсында белгісіз адамдар Қытайдың қоғамдық қауіпсіздік министрлігінің мердігері қытайлық Іsoon компаниясының құпия деректерін жариялап жіберген. Құпия деректерге сай, бір қытайлық хакерлік топ 2 жылға жуық уақыт бойы қазақстандық байланыс операторларының маңызды инфрақұрылымына толық қол жеткізген.
Ал 5 наурызда Мемлекеттік техникалық қызмет Zaimer.kz 2 миллионнан астам клиентінің жеке дерегін таратқанын хабарлады.