Наурызда жеке тұлғаларға берілетін несие мөлшерлемесі артқан – Halyk Finance

Жарияланды
жеке тұлғаларға берілген несие
Жеке тұлғаларға берілген несие бойынша орташа мөлшерлеме наурызда 19,1%-ға өскен /Фото: kursiv.media

Ағымдағы жылдың наурыз айында банк секторы активтерінің, сондай-ақ банктердің несиелері мен депозиттерінің портфелі өскен. Бұған жеке тұлғаларды несиелендіру көлемінің кеңеюі себеп болған. Ал корпоративтік несиелендіру мүлдем төмендеп кеткен. Бұл жайлы Halyk Finance есебінде жазылған.

Halyk Finance хабарлауынша, 2024 жылдың наурыз айының соңында екінші деңгейлі банктердің активтері ақпан айымен салыстырғанда 1,8%-ға өсіп, 52 923 млрд теңге болған. Ақпан айында да бұл көрсеткіштер 1,8%-ға өскен. Банктердің бағалы қағаздар портфелі керісінше 2%-ға төмендеп, 10 768 млрд теңгеге жеткен. Ал өтімді активтер 2,7%-ға өсіп, 19 236 млрд теңгегені құраған.

2024 жылдың басынан бері банк секторының кірісі де арта түскен. Осы аралықта коммерциялық банктер 570 млрд теңге көлемінде пайда тапқан. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,7%-ға артық. Банк секторының 2024 жылғы 3 айдағы таза пайыздық кірісі 719 млрд теңгені құрайды. Яғни өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 16,2%-ға артық. Ал таза комиссиялық кіріс – 175 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 5,6%-ға өскен. Сондай-ақ есепті кезеңде қорларды қалпына келтіруден түскен кіріс бір жылда 6,1%-ға өсіп, 407 млрд теңге болған.

2024 жылдың наурыз айында банк секторының жиынтық капиталы 2,5%-ға артқан. Ал жыл басынан бері 9,5%-ға өскен. Kaspi-ден басқа бірінші қатардағы банктердің барлығында капитал өткен аймен салыстырғанда 0,2-5,2%-ға өсіп отыр. Сәйкесінше өсім көлемі 0,2 млрд теңгеден 129 млрд теңге аралығында құбылған.

Дәл осылайша екінші эшелондағы банктерде де капитал өскен. Мұнда Алтын Банкте ғана өсім байқалмаған. Капиталдың айтарлықтай өсімі Шинхан Банкте тіркелген. Мұнда көрсеткіштер өткен аймен салыстырғанда 6%-ға өсіп, 3 млрд теңгені құраған. Ал ВТБ-да бұл сома 2,5 млрд теңгені құрап, 3,4%-ға көтерілсе, «Нұрбанкте» бір айда бұл кқрсетікш 1,8%-ға артып, 1,1 млрд теңгені құраған. Сондай-ақ КЗИ Банктегі жиынтық капитал көлемі осы айда 1,7%-ға артып, 1,3 млрд теңгені, алҚазақстандағы Қытай Банкінде көрсеткіш бір ай ішінде 1,5%-ға артып, 1,6 млрд теңгені құраған.

Сондай-ақ осы жылдың наурыз айында банк секторының негізгі капиталының жеткіліктілік коэффициенті (k1) 19,4%-ды, ал меншікті капиталдың жеткіліктілігі (k2) – 21,4%-ды құраған. Сарапшылар пікірінше бұл заңнамада белгіленген нормативтерден айтарлықтай асып түседі және банктердің ықтимал тәуекелдерін өтеуге көмектеседі.

Halyk Finance мәліметінше, наурызда банктік несие портфелі өткен аймен салыстырғанда 0,9%-ға өсіп, 30,595 млрд теңгені құраған. Ақпанда бұл көрсетікштер 2,1%-ға артса, жыл басынан бері 2,7%-ға көтерілген.

Несие портфелінің бұлайша өсуіне жеке тұлғаларға берілетін несие көлемінің артуы себеп болған. Бұл саладағы көрсеткіштер осы айда 1,7%-ға артса, заңды тұлғаларды несиелендіру керісінше 0,3%-ға қысқарған. Несие портфелінің бұлайша көтерілуіне ұлттық валютадағы кредиттеу көлемінің 0,8%-ға артуы себеп болып отыр. Ал ақпан айында бұл көрсеткіш 1,9%-ға жеткен. Шетел валютасындағы кредиттеу көлемі де өткен аймен салыстырғанда 1%-ға өскен.

Банктік несиелердің жиынтық портфеліндегі заңды тұлғалар портфелінің үлесі төмендеп, 42,7%-ды құраған. Ақпан айында бұл көрсеткіш 43,1% деңгейінде, жыл басында 44% деңгейінде болған.

Айта кетерлігі, жеке тұлғаларға берілетін несиелердің мөлшерлемесі ақпанмен салыстырғанда біршама көтерілген. Ақпанда несиенің орташа мөлшерлемесі 17,5% болса, наурызда 18,2%-ға дейін өскен. Бұл ретте заңды тұлғаларға берілген несиелер бойынша мөлшерлемелер 0,2% азайып, 17,3%-ға төмендеген. Ал жеке тұлғаларға берілген несие бойынша орташа мөлшерлеме ақпанда 17,5% болса, наурызда 19,1%-ға өскен.

Сондай-ақ оқыңыз