
Түркияның қор нарығындағы инвестициялық қорлар төңірегіндегі мәселе ірі қаржы дауына айналды. Билік 131 инвестициялық қорды тарату туралы шешім қабылдады, ал бұл қорларда ақшасы бар инвесторлардың саны 455 758 адамға жетіп жығылады. Олардың активтері шамамен 18 млрд долларға бағаланады. Сонымен бірге акция бағасымен манипуляция жасау және басқа да заң талаптарын бұзуына қатысты қылмыстық тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Дау неден шықты?
Мәселенің түп-төркіні кейбір инвестициялық қорлардың өтімділігі төмен акцияларға тым көп ақша салуында болып отыр.
Қарапайым тілмен айтқанда, қорлар биржада күн сайын көп саудаланбайтын және еркін айналымдағы акциялары аз компаниялардың қағаздарын ірі көлемде сатып алған. Мұндай акцияны сатып алу оңай болуы мүмкін, бірақ нарық төмендеген кезде оны тез әрі бірден сату қиын.
Қыркүйекте инвесторлар қорларға салған ақшасын қайтара бастаған кезде, түйткіл анық көрінді. Өз клиенттеріне ақша төлеу үшін қорлар активтерді сатуы қажет болды. Алайда өтімділігі төмен акцияларға сатып алушы табу қиын болғандықтан, олар тез сатылатын басқа акцияларды өткізе бастады.
Нәтижесінде сатылым бүкіл нарыққа жайылды. Reuters мәліметінше, BIST 100 индексі бір аптаның ішінде 8%-дан астам төмендеп, 2025 жылғы наурыздан бергі ең нашар апталық нәтижені көрсетті.
Кейбір қорлар инвесторлардың ақшасын қайтара алмады
Нарықтағы алаңдаушылық Pusula Portföy мен Tera Portföy басқарған кей қорларда инвесторлардың ақшаны қайтарып алу өтінімдерін орындауда қиындық туындағаннан кейін күшейді.
Мұнда қарапайым тізбек пайда болды:
инвестор ақшасын сұрайды → қор активін сатуы керек → өтімсіз акцияны сату қиын → өтімді акциялар сатылады → нарық түседі → инвесторлардың қорқынышы күшейеді → тағы да ақша шығару басталады.
Яғни өтімділік мәселесі өз-өзін күшейте бастаған. Reuters бұл жағдайды Түркия акция нарығының құрылымдық әлсіз тұстарымен, соның ішінде ірі әрі өтімді акциялардың салыстырмалы түрде аз болуымен байланыстырады.
131 қор таратылады
Нәтижесінде Түркияның Капитал нарықтары жөніндегі кеңесі — SPK 131 инвестициялық қорды тарату туралы шешім шығарды. Кейін олардың салымшылары туралы дерек нақтыланып, қорларда 455 758 жеке инвестордың үлесі бары анықталды.
Reuters басылымының бағалауынша, таратылатын қорлардағы активтердің көлемі – шамамен 18 млрд доллар. Қорлардың активтерін бір мезетте нарыққа шығару акция бағасын одан әрі құлатып жіберуі мүмкін болғандықтан, тарату процесі кезең-кезеңімен жүргізіледі.
Неге қамауға алып жатыр?
Инвестициялық қорлардың өтімділік проблемасымен қатар Түркияда акция бағасын қолдан көтеру немесе өзара келісілген мәмілелер арқылы манипуляция жасау болды ма деген тергеу жүріп жатыр.
SPK бұған дейін Katılımevim, Gündoğdu Gıda және Destek Finans акцияларына қатысты операцияларды тексеріп, 38 адам жөнінде прокуратураға шағым түсірген. Оларға екі жыл бойы бағалы қағаздар нарығында операция жасауға тыйым салынды. Pusula Portföy компаниясына да сондай шектеу қойылды. Бұл адамдардың кінәсі соттың түпкілікті үкімімен әлі анықталған жоқ.
Қамауға алынғандар саны 50-ден асты
19 қыркүйекте Tera және Pusula-мен байланысты бес адам ұсталды. Олардың арасында Tera Yatırım Holding басқарма төрағасы Emre Tezmen, басқарма мүшелері Emre Alkin мен Kerem Alkin, Tera Portföy бас директоры Alper Öztürk және Pusula Holding басқарма төрағасы Serdar Turhan болды. 23 қыркүйекте сот бес күдіктіні де қамауға алды.
Тергеу мұнымен тоқтаған жоқ. Кейін басқа эпизодтар бойынша жаңа адамдар ұсталып, қамауға алынды. Anadolu агенттігінің 27 қыркүйектегі мәліметіне сәйкес, капитал нарығындағы операцияларға байланысты жүргізіліп жатқан тергеулер аясында қамауға алынғандар саны 51 адамға дейін жеткен.
Сол күні Tera Portföy басқарма төрағасы Erdin Özel де ұсталды. Tera Yatırım бас директоры Emir Münir Sarpyener-ге іздеу жарияланған.
28 қыркүйекте тізім тағы ұзарды. Destek Holding және Özata Gemicilik компанияларына қатысты тағы жеті күдікті ұсталды. Бұл адамдарға қатысты процесс бөлек жалғасып жатыр.
Активтер де бұғатталды
Тергеу кезінде билік 1 шілде мен 16 қыркүйек аралығында жасалған ірі мәмілелерді зерттеуге кірісті.
Алғашқы кезеңде 46 компания, 18 инвестициялық қор және 42 адамның активтері бұғатталды. Кейін SPK-ның жаңа бағалауынан соң 46 компанияға қатысты бұғат алынып тасталды. Алайда жеке тұлғалар мен қорларға қатысты тергеу жалғасып жатыр.
Бұл жаңалықтардың әсерінен 28 қыркүйекте BIST 100 индексі тағы 2,7% төмендеді, ал Түркияның бес жылдық CDS көрсеткіші шамамен 254 базистік тармаққа дейін көтерілді.
Орталық банк неге араласты?
Қорлардағы мәселе бүкіл қаржы жүйесіне тарап кетпеуі үшін Түркия билігі нарыққа қосымша өтімділік берді.
Орталық банк репо арқылы банк жүйесіне берілетін қаржы көлемін бірнеше миллиард лирадан 603 млрд лираға, сол кездегі бағаммен шамамен $12,35 млрд-қа дейін ұлғайтты. Банктердің банкаралық нарықтағы қарыз алу лимиттері де көтерілді. Сонымен бірге нарық реттеушілері маржиналдық саудаға қатысты кей талаптарды жұмсартты.
Мұның мақсаты қарапайым: қорлардағы өтімділік проблемасы банктерге немесе жалпы қаржы жүйесіне жұқпауға тиіс.
Қазақстанда да осындай қауіп бар ма?
Түркиядағы жағдайға қазақстандық экономист Олжас Құдайбергенов те назар аударды. Оның пікірінше, Қазақстан үшін де мұндай тәуекелді ескеру керек.
Ол:
«Бізде де осындай дағдарыстардың қаупі бар. Өйткені салымшыларға зейнетақы жинағының 50–100%-ын жеке компаниялардың басқаруына беруге рұқсат етілді»,
деп пікір білдірген.
Бұл жерде сөз Қазақстандағы басқарушы инвестициялық портфель компаниялары — ЖИБ туралы болып отыр.
2026 жылғы 7 қыркүйектен бастап қазақстандықтар міндетті, міндетті кәсіптік және ерікті зейнетақы жарналары есебінен жиналған қаражаттың 100%-на дейін жеке инвестициялық басқарушыға бере алады. Бұған дейін міндетті жинақтардың 50%-на дейін ғана беруге болатын.