Жаңалықтар

40 жасқа толмаған дарынды ғалымдарға ЖОО-дан кейінгі білім ұйымы эндаумент-қорының инвестициялық кіріс қаражатынан стипендия алу құқығы берілді

40 жасқа толмаған ғалымдарға ЖОО-дан кейінгі білім ұйымының эндаумент-қорының инвестициялық кіріс қаражатынан стипендия алу құқығы берілді / Фото: Коллаж kursiv.media

Ғылыми дәрежесі жоғары педагогтердің табысы көбеймек. Президент  «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды.

Бұл заң педагогтер мен ғылыми қызметкерлердің материалдық жағдайын жақсартуға бағытталған. Бұл жөнінде Ақорда баспасөз қызметі хабарлады.

Белгілі бір ғылыми дәрежесі мен атағы бар педагогтер үшін ай сайын төленетін қосымша ақы мөлшері ұлғайтылды. Мәселен, философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор, ғылым кандидаты ғылыми дәрежесі және қауымдастырылған профессор (доцент) атағы үшін төленетін қосымша ақы 25 АЕК-ті (92 300 теңге) құрайды.

Ал ғылым докторы және қауымдастырылған профессор (доцент) ғылыми атағы үшін 42 АЕК (155 064 теңге), философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор, ғылым кандидаты, ғылым докторы дәрежесі және профессор ғылыми атағы үшін 50 АЕК (184 600 теңге) мөлшерінде қосымша ақы төленеді.

Ғылыми дәрежелері мен атақтары үшін осындай ай сайынғы қосымша ақы негізгі жұмыс орнында ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізетін ғылыми қызметкерлерге де белгіленді.

40 жасқа толмаған дарынды жас ғалымдарға жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының эндаумент-қорының инвестициялық кіріс қаражатынан стипендия алу құқығы берілді.

Заңда әскери қызметшілерге білім беру жеңілдіктерін енгізу қарастырылған. Нақтырақ айтқанда, мерзімді әскери қызметін өтегеннен кейін әскери қызметшілердің жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында оқуы үшін білім беру гранттарына квоталар енгізілді.

Жаңа баптар кәсіпкерлік субъектілердің қаражаты есебінен қаржыландырылатын ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларына қатысты заңнаманы жетілдіруге бағытталған.

Заңға сәйкес жергілікті атқарушы органдарға ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысу және ғылым мен ғылыми-техникалық қызметті дамыту үшін тиісті жағдай жасау бойынша бірқатар өкілеттік беріледі.

Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.

Тоқаев білікті ұстаз даярлау ісіне мән беру керектігін айтқан болатын. «ЖОО-дағы педагогика мамандықтарына қатысты бағдарламалардың басым бөлігі бұрынғы әдістемелерге негізделген», – деп сынаған еді Президент.