Қазақстан мен Мысыр арасындағы рейстер саны 14-тен 48-ге дейін артады. Бұл жайлы Астана қаласында өткен Қазақстан мен Мысыр елінің авиациялық билігі арасындағы екіжақты келіссөздер барысында айтылған.
Келіссөздер қорытындысы бойынша, екі тарап елдер арасындағы рұқсат етілген рейстердің жалпы санын аптасына 14-тен 48-ге, сондай-ақ әрбір тарап үшін рұқсат етілген тармақтарды 2-ден 3-ке дейін ұлғайтуға уағдаласқан.
Сондай-ақ тағайындалған тасымалдаушылардың саны да артқан. Мәселен, қазақстандық тарап қолданыстағы Air Astana және SCAT тасымалдаушыларының қатарына Fly Aystan әуе компаниясы да қосылған. Бұдан былай осы компания да екі ел арасында тұрақты рейстерді орындайтын болады.
Ал Мысыр тарапынан екі ел арасында қатынайтын EgyptAir, EgyprAirCargo және Air Cairo тасымалдаушыларының қатарына RedSea және Nile Air әуе компаниялары қосылған.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, келісімге сәйкес, екі елдің әуе компаниялары өзара коммерциялық келісімдер жасай алады.
«Қол жеткізілген уағдаластықтар негізінде екі тараптың тағайындалған әуе компаниялары рейстер санын ұлғайтуды және елдер арасындағы ұшу географиясын кеңейтуді жоспарлап отыр»,– делінген баспасөз хабарламасында.
Еске сала кетсек, Қазақстан авиациялық әкімшілігі АҚШ-қа тікелей рейстер ашуды жоспарлап отыр. Жалпы Қазақстанның халықаралық авиация ұйымының талаптарына сәйкестігі 82%. Сондай-ақ ұшу қауіпсіздігін бақылау мен қадағалау жұмыстары бойынша 2023 жылы 753 тексеріс жүргізіліп, 1008 құжат берілген.
АҚШ-қа ұшатын тікелей әуе рейсі тек 2025 жылы ашылады. АҚШ-тың бұл салада қоятын талабы қатаң. Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Тимур Тілегеннің айтуынша, тікелей рейс ашу бағытында жұмыс жүріп жатыр.
Соннымен қатар Прага, Токио, Сингапур және басқа да қалаларға әуе рейстерін ашу жоспарланған. Тілегенов жыл соңына дейін Пәкістан, Оман, Израиль мен Малайзияға жаңа халықаралық бағыттар ашылатынын айтты.