Азаматтық некедегі жұбайы Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжановқа қатысты сот отырысы 13 мамырға қалдырылды.
10 мамырда болған сот отырысында алқабилер жауап беруі тиіс сұрақтар талқыланды. Сұрақтарды талқылау, алқабилердің қатысуынсыз өтті. Олар кеңесу бөлмесіне кетті.
Судья Айжан Құлбаева процесті тараптармен бірге жабық түрде өткізді. Кейіннен сот отырысы 13 мамырға қалдырылғаны белгілі болды.
6 мамырда Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты істе айыпталып отырған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжанов соттағы соңғы сөзін айтқан.
«Салтанаттың өліміне қатысым бар. Оның өліміне кінәлімін. Осы үшін жауап беруге дайынмын. Оның денсаулығына қасақана зиян келтірдім. Осының әсерінен ол абайсызда қайтыс болды. Мен кінәлімін, бірақ қасақана өлтірген жоқпын», – деді Бишімбаев
Бақытжан Байжанов соттағы соңғы сөзін айтты. Ол Салтанатқа қатысты қылмыс жасалғанын білсе, ағасының бұйрығын орындамай, Салтанатқа көмектесуге әрекет жасар едім деп атап өтті.
«Өз әрекетімнің қылмысты жасыру болып есептелетінін білсем, мұндай әрекетке бармас едім. Сіздерден шешім қабылдамас бұрын «мен қылмыс жасалғанын білді ме» деген сұраққа жауап берулеріңізді сұраймын. Себебі тергеушілер де, прокурорлар да бұл сұраққа жауап бере алмады», – деді Байжанов.
2023 жылы 9 қарашада Bau мейрамханасында экс-министр Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген айыппен ұсталды.
Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша сот процесі 11 наурызда басталды. Бишімбаевқа қылмыстық кодекстік 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы бойынша және 110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағында көрсетілген қылмыстық әрекетті жасады деген айып тағылған. Қуандық Бишімбаев өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын мәлімдеді.