Еліміздегі су тасқынынан соң мұнай өндіру қалпына келтірілді. Бұл туралы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты.
Министр мұнай өндірісінде шамалы төмендеу байқалатынын атап өтті.
Себебі шамамен 500 ұңғыма су астында қалды. Мұндай жағдай Ақтөбе облысында болды. Қазір су кетіп жатыр. Алдын ала өткізілген барлық іс-шара тиімділігін көрсетті. Қазір штаттық режимде жұмыс істеп жатырмыз, – деді Алмасадам Сәтқалиев Үкімет кулуарында.
Айта кетейік, Атырау облысының кен орындарындағы төрт ұңғыма су астында қалған болатын. «Ембімұнайгаз»АҚ «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасына қарасты «Шығыс Уаз» кен орнындағы №101, №106, №116 ұңғымаларын су астында қалған. Ал «Жаңа Мақат» кен орнындағы № Е7 ұңғымасын сақтау үшін («5А Ойл» ЖШС) үйінділерді салу және қалпына келтіру жұмысы аяқталды. Жалпы төрт ұңғыма жұмысы уақтылы тоқтатылды. Облыстың қалған кен орындарындағы жағдай бірқалыпты және тұрақты бақылауда.
Сондай-ақ 25 сәуірде Энергетика вице-министрі Асхат Хасенов су астында 43 ұңғыма қалғанын айтқан болатын. Бүгінде олар қалпына келтіріліп, мұнай өндіріле бастаған.
«Тасқын басталғалы бері мұнай бойынша шығын шамамен 20 мың тонна болды. Қарғын судың қайтуына байланысты ұңғымалар іске қосылады. Тасқын басталғалы бері 673 ұңғыма су астында қалған. Бүгінде шамаман оның 450-і әлі су астында», – деді Асхат Хасенов.