Жаңалықтар

Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановқа сот үкімі шықты

Фото: ҚР Жоғарғы соты

Астана сотында бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа сот үкімі шықты. Фото: Жоғарғы сот

Өзінің азаматтық некедегі әйелін өлтірді деген күдікпен ұсталып, сот ісі ашық жүргізілген бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжановқа қатысты сот үкімі шықты.

«Сот Қуандық Уалиханұлы Бишімбаевты Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі 1-тармағы және 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағында қарастырылған қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасады деп танып, оған жаза тағайындау туралы үкім шығарды» деді Үкімді оқыған судья Айжан Құлбаева.

Сот Үкіміне сәйкес, экс-министр Бишімбаев Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі 1-тармағы (қинау) бойынша кінәлі деп танылды. Бұл бап бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Ол сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы (аса қатыгездікпен адам өлтіру) бойынша кінәлі деп танылды. Бұл бап бойынша 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Осылайша, сот Үкімімен Бишімбаев түпкілікті 24 жылға бас бостандығынан айырылды. Бишімбаев жасаған қылмыс қауіпті қылмыстың қайталануы деп танылды.

Үкімге сәйкес, ол қауіпсіздігі қатаң деңгейдегі қылмыстық-түзету мекемеде жазасын өтеуі тиіс. Бишімбаевтың 2023 жылы 9 қарашадан бері тергеу изоляторында қамауда отырған әр күні 1 күн болып есептеледі. Яғни оның жалпы жазасын өтеу мерзімі 23 жыл 6 айға созылады.

Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ. Айыпталушы тараптың сот үкіміне шағымдануға құқы бар. Ал аппеляция кезінде осы үкім күшінде қалатын болса, 44 жасар экс министр 68 жасында ғана бостандыққа шығарылады.

Бишімбаевтың туысы, Байжанов Бақытжан Әмірханұлы аса қауіпті қылмысты жасырғаны үшін Қылмыстық кодекстің 432-бабында қарастырылған айыпқа сәйкес, кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығын айыру туралы сот үкімі шықты. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінде өтейтін болады. Оның қамауға алынған 11 қарашадан бастап тергеу изоляторында өткізген әр күні 1,5 күн болып есептеледі.

Сонымен қатар Бишімбаевтан сот экспертизасының шығындары үшін мемлекетке 2 млн теңге өндіріп алу да қарастырылған.

Айжан Құлбаеваның айтуынша, сотталушылардың кінәсі куәгерлердің куәлік етуі, аудио-видео материалдармен дәлелденді.

Сот үкімі күшіне енген жоқ. Тараптар 15 күннің ішінде үкімді аппелицияға бере алады.

Еске сала кетейік, 2023 жылы 9 қарашада Bau мейрамханасында экс-министр Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген айыппен ұсталды. Президент Бишімбаевтың ісін ерекше бақылауға алуды тапсырған болатын.

 11 наурызда өткен сотта Қуандық Бишімбаев өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын мәлімдеді. Бишімбаевқа қылмыстық кодекстік 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы бойынша және 110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағында көрсетілген қылмыстық әрекетті жасады деген айып тағылған. Бірақ бұл айыптармен келіспеген ол істі алқабилердің қатысуы және ашық режимді қарауды сұрады