Банк пен қаржы

Ұлттық банк сауалнамасына қатысқан қазақстандықтардың 78 пайызы сәуірде азық-түлік қымбаттағанын айтқан

пайызы
Инфляцияға қатысты халықтың болжамы қандай? Фото: shutterstock.com

Қазақстандықтардың 78 %-ы сәуір азық-түліктің қымбаттағанын байқаған. Нақты инфляцияның баяулағанына қарамастан, халық алдағы 12 айда инфляция арта түседі деген пікірде. Ұлттық банк инфляциялық күтулер бойынша халық арасында жүргізілген пікіртерім нәтижесін жариялады.

Сауалнамаға қатысқандардың жауабына сай, инфляцияның медианалық мәні 16,1%-ға өскен. Сонымен қатар сезілетін инфляцияның кейінгі 12 айдағы медианалық мәні 16,3%- ға (14,6%) дейін жеткен.

«2024 жылғы сәуірде алдағы 12 айда күтілетін инфляцияның медианалық мәні1 16,1%-ға дейін өсті», – делінген хабарламада.

Ұлттық банк пікіртеріміне қатысқандардың 25,1%-ы биыл баға одан әрі қымбаттайтынын айтқан. Ал бағаның қазіргі өсу қарқыны сақталады деп есептейтін респонденттердің үлесі 46,8%-ға дейін өскен.

«2024 жылғы сәуірде азық-түлік қымбаттағанын айтқан респонденттердің үлесі 77,9%-ға дейін өсті (76,8%). Сонымен қатар азық-түлік емес тауарлардың бағасы өскенін айтқан респонденттер үлесі 8,1%-ға дейін өсті (5,9%)», – делінген ҰБ ақпаратында.

Респонденттердің басым бөлігі азық-түліктен жеміс-көкөніс, сүт және ет өнімдері, сондай-ақ жұмыртқа бағасы қымбаттағанын айтқан. Азық-түлік емес тауарлар ішінде дәрі-дәрмек пен жуып-тазалауға арналған химиялық өнімдердің, киім мен аяқ киімнің қымбаттағанын жеткізді. Ақылы қызметтерден тұрғын үй-коммуналдық қызметі, интернет және ұялы байланыс қызметі, медициналық қызмет ақысы өскен.

2024 жылғы сәуірде тұтыну көңіл-күйі индексі 105,3-ке дейін төмендеген.

Қазақстанда сәуірдегі жылдық инфляция 8,7%-ды құраған. Бұл наурыз айымен салыстырғанда 0,4 пайыздық тармаққа төмен.

Freedom Finance Global зеттеуі бойынша, наурызда Қазақстанда тұтынушылық сенімділіктің күрт нашарлаған болатын Онда индекс 100 тармақтан төмен түсті. Бұл жағымсыз жауаптардың оң жауаптардан басым екенін көрсетеді.