«Қазақстан халық банкі» АҚ атқарушы орган мүшелеріне 2023 жылы 3,2 млрд теңге төлеген. Бұл туралы банктің қор биржасына жолданған ақпаратында жазылған.
Бұл қаржы банк басшыларының былтыр 12 айда алған айлық жалақысы, қаржылай түрлі сыйақыларын құрайды.
Halyk Bank 2023 жылы таза кірісін 21,8%-ға, яғни 693,4 млрд теңгеге дейін арттырған. Банк активтері бір жылда 8,7%-ға, яғни 15,5 трлн теңгеге өсті. Былтыр бұл көрсеткіш 14,4 трлн теңге еді. Банк міндеттемелері 13 трлн теңгеге дейін өсті. Ал капиталы 13,6%-ға, 2,5 трлн теңгеге дейін өсті.
Таза пайыздық кіріс 810,4 млрд теңгеге дейін өсіп, басқа пайыздық емес кіріс 400,1 млрд теңге болды. Бұл 2022 жылғыдан 4 млр теңгеге аз. Былтыр банктің таза пайдасы 693,4 млрд теңге болды. Ал 2022 жылы 569,4 млрд теңге болған.
Жақында Halyk Bank өз дивиденд саясатына өзгерістер енгізді. Енді банк қарапайым акциялары бойынша жылына екі рет дивиденд төлейтін болады. Қазақстан заңнамасы талаптарын сақтай отырып, одан артық төленбейді. Ал 2015 жылы бекітілген дивиденд саясатында бір жылда бір-ақ рет төленетіні жазылған.
Халық банктің негізгі акционерлері – Тимур мен Динара Құлыбаевтар. Олар ALMEX холдингі арқылы банктің 56,4%-ын иеленеді. Акцияның 23,14%-ы номиналды тұлға ретінде әрекет ететін және Лондон қор биржасында сатылатын депозитарлық қолхаттарды шығаратын Bank of New York банкіне тиесілі.
Қаржы ұйымы Қазақстан қор биржасына 1998 жылы, Лондон қор биржасына 2006 жылы және Astana International Exchange 2019 жылы бағалы қағаздарын орналастырған.