АҚШ президенті Джо Байден Ресей уранын АҚШ-қа импорттауға тыйым салатын заңға қол қойды. Бұл туралы Ақ үй хабарлайды.
«2024 жылғы 13 мамыр, дүйсенбіде, Президент Ресей Федерациясында немесе ресейлік кәсіпорын өндірген радиацияланбаған төмен байытылған уранды әкелуге тыйым салатын «Ресей уранының импортына тыйым салу туралы заңға» қол қойды», – делінген хабарламада.
Президенттің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан Байден қол қойған тыйым «азаматтық ядролық энергетика саласындағы Ресейге тәуелділікті» азайту арқылы Америка Құрама Штаттарының «энергетикалық және экономикалық қауіпсіздігін» нығайтуға ықпал ететінін айтады.
Негізінде АҚШ-тың Өкілдер палатасы Ресей уранын импорттауға тыйым салатын заң жобасын 2023 жылдың желтоқсанында мақұлдаған. Заң жобасы содан кейін Сенатқа өткен. Алайда процессуалдық шарттарға байланысты заң тез қарала қоймаған. Ал кейін Сенат қысқы демалысқа шығып кетіп, бұл мәселе тағы да ұзаққа созылып кеткен. Сәуірде Bloomberg басылымы АҚШ әкімшілігі Ресейден байытылған уран жеткізіліміне эмбарго салу бойынша жұмысты бастағанын хабарлаған болатын. Жақында АҚШ сенаты осы заңды қабылдауға дауыс берген.
Заң президент қол қойған соң 90 күннен кейін күшіне енеді. Сонымен қатар 2028 жылдың қаңтарына дейін АҚШ Энергетика министрлігі басқа жеткізу көздері болмаса, Ресей Федерациясынан уран импорттауға рұқсат бере алады. Шектеу 2040 жылға дейін күшінде болады.
АҚШ Энергетика министрлігінің мәліметінше, қазіргі кезде Ресей АҚШ-тың 90-нан астам коммерциялық реакторларында қолданылатын уранның төрттен бір бөлігін жеткізіп отыр. Соның нәтижесінде Ресей АҚШ-қа уран жеткізуде көш бастап тұрған. Сатылған ураннан РФ экономикасына жылына 1 млрд доллар түсіп тұратын.
«Росатомның» қазақстандық «Қазатомөнеркәсіппен» бірлескен алты кәсіпорны бар. Оның үстіне көрші ел Түркістан облысындағы «Буденовское» бірлескен кәсіпорнының 49 пайыз акциясын сатып алған. Санкция салынса, елдегі уран өндірісі әлсіреуі мүмкін бе деген сауалды «Курсив» «Қазатомөнеркәсіпке» жіберген. Компания бұл тыйым «Қазатомөнеркәсіп» жұмысына еш кедергі болмайтынын мәлімдеді.