Жаңалықтар

Дайын өнімдер, шикізат пен материалдар бағасының өсу қарқыны баяулап келеді

Дайын өнімдер бағасы азайып келеді / shutterstock, бильд-редактор: Аружан Махсотова

2024 жылдың басынан бері дайын өнімдер, шикізат пен материалдар бағасының өсу қарқыны бәсеңдеп келеді. Бұл туралы Ұлттық банктің АКСД директоры Рүстем Оразалиннің түсіндірмесінде жазылған.

«2024 жылдың I тоқсанында кәсіпорындарға жүргізілген мониторингтің нәтижесі бойынша, дайын өнімнің, шикізат пен материал бағасының өсу қарқыны бәсеңдеп, шетел валюталарына қатысты теңге бағамындағы өзгерістің теріс әсері сейілді», – делінген хабарламада.

Кәсіпорын өнімдері бағасының өсуі бәсеңдеп келеді: диффузиялық индекс 57,0 құрады, 2023 жылдың IV тоқсанда – 57,8 болған. Кәсіпорындардың дайын өніміне деген сұраныс біршама өсті. Биыл 51,4 болса, былтыр 49,4 болған.  

Экономика бойынша сатылым орташа пайызды, салықтарды және шығысты шегергенге дейін 22,9% төмендеген, былтыр 23,3% болған. 

Оразалиннің жазуынша, кәсіпорындар нарықтық бәсекені – бизнес жүргізудегі негізгі кедергі деп санайды. Сауалнамаға қатысқан кәсіпорындардың 31,4%-ы осындай шешімге келген. Өзге кедергілер: Қазақстан экономикасының жай-күйі (30,9%); салық деңгейі (28,1%); білікті мамандардың тапшылығы (26,3%); сатып алушыларды іздестіру (25,1%); лицензия/рұқсат алудағы қиындықтар (16,6%); дебиторлық берешекті қайтарудағы қиындықтар (14,9%). 

26 наурыз бен 2 сәуір аралығында қант 1,4%-ға қымбаттады. Соңғы рет мұндай өсім 2022 жылдың тамыз айының басында тіркелген болатын.