2 мамыр күні Қырғызстанда өткен «Ұраным Манас» мәдени шарасында жазатайым оқиға болды. Еңіске қарай құлдилаған жүк көлігінен 30-дан астам бала зардап шеккен еді. Жалал-Абад облысының Созақ ауданында болған оқыс оқиғадан кейін Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың тапсырмасымен ведомствоаралық комиссия құрылды. Комиссия қорытындысы бойынша көпшілікке арналған іс-шарада қауіпсіздік талабы сақталмағаны үшін 21 шенеунік жазаланды.
Тергеу комиссиясы облыстық, аудандық ішкі істер құрылымдарының тиісті деңгейде жұмыс істемегенін анықтады. Басқару органдары мен білім беретін мекемелер де ұйымдастыру шарасына салғырт қараған.
«Шараға аудан бойынша 2878 оқушы, 18 мектептен 341 мұғалім қатысты. Бұл ретте жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тек екі жол қауіпсіздігі инспекторы жұмылдырылды. Оқиғаның жай-жапсарын тексеру нәтижелері бойынша ведомствоаралық комиссия тәртіптік жазалауды жариялауды, сондай-ақ салалық министрліктер мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының басшылары мен қызметкерлерін қызметінен босатуды ұсынды. Барлығы 21 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 6-уы қызметінен босатылды», – делінген Қырғызстан Республикасы Президентінің сайтында.
«Курсив» сәуір айында Қырғызстанда сел жүргенін хабарлады. Қатты нөсерден үйлерді су басып, автожолда адамдар мерт болды.