Жаңалықтар

«Ломтадзе мен Өтемұратовтан бастап, Құлыбаев пен Рақышевқа дейін». Forbes тізіміндегілердің қайсысы су басқан өңірлерге бекітілді

Forbes тізіміндегі кәсіпкерлер аймақтарға бекітілді / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Қазақстан Үкіметі су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге көмектесетін Forbes тізіміндегі кәсіпкерлерді атады. Вице-премьер Қанат Бозымбаевтың айтуынша, 18-ге жуық ірі компания мен кәсіпкерлер республиканың ең көп зардап шеккен алты аймағына бекітілген.

Бозымбаев су тасқыны болған өңірлерге демеушілік көмек көрсететін бизнес өкілдері тізім бойынша бекітілгенін мәлім етті.

«Ақмола облысы бойынша су тасқынының салдарын жою үшін Integra Construction және RG Gold сияқты ірі бизнес өкілдері демеушілік көмек көрсетеді. Ақтөбе облысы бойынша «Болат Өтемұратов қоры», «BI Group» АҚ және «ERG» компаниялар тобы» өңір үшін демеушілік көмек бөлуді жоспарлап отыр. Батыс Қазақстан облысы бойынша «Астана моторс» компаниялар тобы, «BI Group» АҚ, «Jusan» банк, «Банк Центр кредит» АҚ, «ҚазАзот» ЖШС, КПО демеу көрсететін болады. Қостанай облысы бойынша «ADD Capital», «ERG», «Аллюр» және «АгромашХолдинг», «Базис-А», сондай-ақ «RG Brands» компаниялары», – деді Қанат Бозымбаев.

Премьер-Министр орынбасары Солтүстік Қазақстан облысына «Қазақмыс» корпорациясы, «Каспи.КЗ», «KAZ Minerals» тобы демеушілік көмек көрсететінін айтты.

«Қазіргі уақытта Атырау облысыдағы су тасқыны салдарын жоюға Тимур Құлыбаевтың және Кеңес Рақышевтің бір топ компаниясы көмек көрсететін болады», – деді ол.

Еске салсақ, 16-сәуірде Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысының кәсіпкерлерімен және еріктілерімен кездескен еді. Мемлекет басшысы кездесу барысында су тасқынынан зардап шеккен халыққа нақты көмек көрсету ісінде бизнесмендердің рөлі зор екеніне айрықша назар аударды.

«Біздің елімізде Forbes тізіміне кіретін ірі кәсіпкерлер бар. Олармен арнайы кездесеміз. Олар әр облысқа, ауданға, елдімекенге бекітіледі және нақты жауапкершілік жүктеледі. Бұл бір жағынан кәсіпкерлердің мүддесіне сай келеді. Өйткені олар өздерінің қосқан үлесінің нақты нәтижесін көретін болады. Халқына қайырымдылық жасаған азамат ретінде Сіздердің де есімдеріңіз мемлекет тарапынан елеусіз қалмайды деп ойлаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еске салсақ, су тасқынына көмек ретінде компаниялар мен қайырымдылық қорлары қанша қаржы бөлетінін осыған дейін жариялаған едік.

Еске сала кетсек, наурызда еліміздің бірнеше аймағын су басты. Тұрғындар эвокуацияланып, қауіпсіз жерге көшірілді. Мәжіліс депутаттары зардап шеккен шаруалардың ауыл шаруашылығы мақсатында алған несиелерін төлеуді 3 жылға дейін шегеруді ұсынды.