Oracle Илон Масктың ЖИ стартапымен 10 миллиард долларлық мәміле жасасуы мүмкін – The Information
Oracle компаниясы Илон Масктың xAI жасанды интеллект стартапымен 10 миллиард долларға мәміле жасасуға жақын. Oracle, ықтимал келісімшарт бойынша, xAI-ді бұлттық қоймамен қамтамасыз етеді, деп хабарлайды The Information. Жаңалық жарияланғаннан кейін Oracle акциясының бағасы 5%-дан астам өсті.
Толығырақ
«Илон Масктың ЖИ жасап жатқан xAI атты компаниясы Oracle компаниясының бұлттық қоймасын жалға алып, бірнеше жыл бойы 10 млрд доллар төлеу туралы келіссөз жүргізу үстінде», – деп жазады The Information келіссөзге қатысқан адамға сілтеме жасап. Мәміле xAI-ді Oracle-дің ең ірі тұтынушысының біріне айналдырады. Дегенмен мәселе әлі талқылану үстінде және екі компанияның келісімге келетініне ешқандай кепілдік жоқ, делінген хабарламада.
Акцияның жайы
Сейсенбі, 14 мамырда, xAI-мен жасасуы мүмкін мәміленің хабары шыққаннан кейін, Oracle акциялары 5,3%-ға қымбаттады. Бірақ қарқыны сәл баяулап, сауданы 3,87%-да, 120,87 долларға жетіп жапты. Постмаркетте бағалы қағаздар тағы 0,6% қосты.
Oracle акциялары 14 мамырда сауда жабылғанға дейін жыл басынан бері, шамамен 15%-ға өсті. Ал соңғы 12 айда 23%-ға қымбаттады. FactSet мәліметі бойынша, Oracle акцияларын бақылайтын 34 сарапшының 19-ы сатып ал деп кеңес береді (16 Buy және үш Overweight рейтингісі). 15 сарапшы (Hold) ұстап отыруға шақырады. Бағалы қағаздарды сат деген ұсыныс жоқ. Oracle акциясы бағасына қатысты Уолл-стриттің консенсустық болжамы – 140,09 доллар, яғни 16%-ға өсу.
Контекст
2023 жылдың қыркүйегінде Oracle төрағасы Ларри Эллисон компанияның жасанды интеллект үлгілерін үйрету мақсатында xAI компаниясына бұлттық инфрақұрылым беру жөнінде мәміле жасасқанын мәлімдеген болатын. Ол кезде Эллисон келісімшарттың құны мен мерзімін айтпаған еді. Желтоқсан айында да екі компания арасында ынтымақтастық жалғасып жатқанын растады.
Желтоқсанда Oracle компаниясының xAI-мен жұмысы туралы айтқанда: «Олар әлдеқайда көп есептеу қуатын қалайды, – деген еді Эллисон. – Біз олардың қалауына сай есептеу қуатын арттырып беру жолында жұмыс істеп жатырмыз».
«Өткен аптада xAI 6 миллиард долларлық қаржыландыру раундын аяқтауға тиіс болатын. Соның барысында инвесторлар стартапты шамамен 18 миллиард долларға бағалады», – деп жазады Bloomberg. Ал The Information болса Oracle бұл раунд аясында инвестиция салды ма, жоқ па, ол жағы белгісіз екенін айтып отыр.
Bloomberg жолдаған сұраққа Oracle жауап бермеді.
Oracle-дің қаржылық жылдың үшінші тоқсанындағы есебінде (29 ақпанда аяқталды) мына жайт айтылған. Негізгі бизнесі – бұлттық қызметтер мен лицензияларды қолдау сегментінде сатылым 12%-ға өсіп, 9,96 млрд долларға, ал бұлттық инфрақұрылымнан түскен табыс 49%-ға өсіп, 1,9 млрд долларға жеткен. Oracle-дің бас директоры Сафра Катц осы өсімге жасанды интеллект серверлеріне деген сұраныстың жоғарылығы себеп болды деп біледі.