2024 жылдың I тоқсанында Air Astana 5,2 млрд теңге шығынға ұшырады. Бұл туралы компанияның Қазақстан қор биржасына ұсынған қаржылық есебінде жазылған.
Алайда өткен жылы көрсеткіштер анағұрлым жақсы болған. 2023 жылдың I тоқсанында әуе компаниясы 423 млн теңге пайда тапқан.
Есепке сүйенсек, компанияның операциялық кірісі 2023 жылдың I тоқсанымен салыстырғанда 10 млрд теңгеге – 108,8-ден 119,2 млрд теңгеге артты. Ал қаржылық кірісі – 1,3 млрд теңгеден 2,3 млрд теңгеге өсті.
Қомақты кіріске қарамастан, Air Astana операциялық шығындары ұлғайған. Мәселен, 2023 жылдың I тоқсанында көрсеткіш 102,8 2 млрд теңге болған. Биылғы осы кезеңде 120,2 млрд теңгеге жетті. Қаржылық шығындар 5,4 млрд теңгеден 6,1 млрд теңгеге дейін өсті.
Әуе тасымалдаушысының активтері 673 млрд теңгені (53,7 млрд теңгеге өсті), меншікті капиталы – 145,7 млрд теңгені (48,7 млрд теңгеге өсті), міндеттемелері – 527,3 млрд теңгені (5 млрд теңгеге өсті) құрады.
Қаржылық есепке түсіндірмеде 2023 жылдың желтоқсанынан 2024 жылдың наурызына дейін Air Astana компаниясы FlyArystan-ның қосымша 2,2 млн акциясын сатып алғаны көрсетілген. Осылайша, аталған әуе компаниясына 9,1 млрд теңге немесе 19,9 мың доллар инвестициялады.
Ақпан айында тасымалдаушы IPO өткізіп, нәтижесінде 120 млн доллар тартты. Қазіргі кезде акциялардың 41%-ы – «Самұрық-Қазына» қорына, 24,6%-ы – номиналды ұстаушы CITIBANK-ке, 16,95%-ы – британдық BAE Systems-ке, 6,51%-ы БЖЗҚ-ға тиесілі. Компания бір уақытта үш биржада: Қазақстан қор биржасында, Астана халықаралық биржасында және Лондон қор биржасында листингтен өтті.
Кейін Air Astana әуе компаниясы Қазақстан биржаларында сатылған қарапайым акциялары мен жаһандық депозитарлық қолхаттарын кері сатып алатынын хабарлады. Оның мақсаты «еңбекті ынталандыру бағдарламасынан туындайтын компанияның міндеттемелерін орындау» екені жазылған.