Жаңалықтар

Түркия басшысы Ердоған мемлекеттік төңкеріс қаупіне байланысты шұғыл жиналыс өткізді

госпереворот
Ердоған барлау қызметі және Әділет министрлігі басшыларымен жиналыс өткізген / Фото: Mehmet Ali Ozcan / Anadolu, бильд-редактор: Артур Алескеров

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Түрік ұлтшылдары партиясының жетекшісі Девлет Бахчелидің мемлекеттік төңкеріс жасауға қатысты ескертпесінен кейін, елдің барлау қызметі және Әділет министрлігі басшыларымен шұғыл жиналыс өткізді. Бұл жайлы Sabah басылымы жазды.

«Бахчелидің полицияға қатысты ескертулерінен кейін, президент Режеп Тайып Ердоған өз резиденциясында Әділет министрі Йылмаз Тунч және Ұлттық барлау ұйымы басшысы Ибрахим Калынмен шұғыл жиналыс өткізді»,– деп жазады басылым.

Басылымның хабарлауынша, Анкара Бас прокуратурасы астаналық департаменттің үш полиция қызметкеріне қатысты тергеу бастаған. Олар «Айхан Бора Каплан» қылмыстық ұйымына қатысы бар деп күдіктеледі. Сол мақсатта олардың үйлері тінтілген.

Өз кезегінде, Ердоғанның одақтасы Давлет Бахчели мұның мемлекетке қатысты жасалған қастандық болуы мүмкін екенін, бірнеше полиция қызметкерін жұмыстан шығару ештеңені шешпейтінін мәлімдеген. Ол елде төңкеріс әрекетінің қайталануы мүмкін екенін ескерткен.

Түрік басылымдары президент Режеп Тайып Ердоғанның осы мәселеге қатысты Түркияның Ұлттық Мәжілісінде мәлімдеме жасайтынын жазады.

Сонымен бірге Анкараның бас прокуратурасы «Айхан Бора Каплан» қылмыстық ұйымына қатысты тергеу бастаған. Осы мақсатта қылмыстық ұйымға қатысы бар аудио және бейне жазбалар тексеріліп жатқаны хабарланады.

Айта кетейік, 2016 жылдың шілдесінде Түркияда төңкеріс әрекеті болды. Салдарынан 248 адам қаза тауып, 2,7 мыңнан астамы жарақат алды. Осыдан кейін елде 50 мыңға жуық адам қамауға алынған болатын.

2018 жылы Ердоған елдегі төңкеріс дәуірінің аяқталғанын мәлімдеді. Ол түрік ұлтының тыныштығын бұзуға тырысқандар елдің әскерімен, полициясымен және қауіпсіздік сақшыларымен бетпе-бет келетінін атап өтті. Ал 2016 жылғы төңкеріс әрекетінің түрік халқының төзімділігі мен батылдығының арқасында тоқтатылғанын мәлімдеді.