Жаңалықтар

Еуразиялық даму банкі Қазақстанға су тасқынының салдарымен күресуге 1 млн доллар бөлді

ЕАДБ су тасқынының
Фото: kursiv.media

Еуразиялық даму банкі (ЕАДБ) Қазақстанға су тасқынының салдарымен күресуге 1 млн доллар бөлген. Бұл жайлы ЕАДБ-ның баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, соңғы 80 жылдағы ең ірі су тасқынының зардаптарына байланысты ЕАДБ Қазақстанның бірқатар өңіріндегі табиғи апат салдарын жоюға қаржылай көмек жіберу туралы шешім қабылдаған.

Сонымен қатар банк осы жылдың шығындарын азайтатынын мәлімдеген. Яғни 2024 жылғы имидждік іс-шараларды қоспағанда, жыл сайынғы кездесулер мен бизнес форумдарды қысқартылған форматта өткізеді.

«Қазақстандағы жағдайдың маңыздылығын түсіне отырып, біз су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға қолдау көрсету үшін 1 миллион доллар көлемінде қаржылай көмек көрсету туралы шешім қабылданды», – деп мәлімдеген ЕАДБ Басқарма төрағасы Николай Подгузов.

Еске сала кетсек, 10 мамыр күні Сербия билігі су тасқынынан зардап шеккен Қазақстан халқына 1 млн еуро жібергені белгілі болды. Бұл жайлы «Қазақстан халқына» қорының баспасөз қызметі хабарлады.

Айта кетейік, 2024 жылғы 6 мамырда екі елдің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Вучич телефон арқылы сөйлескен. Президенттер әңгіме барысында екіжақты ынтымақтастықты жандандыру, бұрын қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыру және Қазақстан Президентінің Белградқа алдағы сапарын ұйымдастыру мәселелерін талқылаған. Ал 4 күн өткен соң, Сербия елінен қомақты қаражат түскен.

Бұл қаражат тасқын судан зардап шеккен халықты тұрғын үймен қамтамасыз етуге, яғни баспана сатыы алуға, жөндеуге және құрылысқа жұмсалады. «Қазақстан халқына» қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішев Сербия республикасының бұл шешімін екі ел арасындағы ынтымақтастық пен серіктестік нәтижесі деп бағалады.

«Курсив» су тасқынынан зардап шеккендерге елдегі компаниялардан бөлінген қаражатқа қатысты арнайы инфографика дайындады. Ол деректермен мына сілтеме арқылы таныса аласыздар.