Жаңалықтар

Жаңа тағайындалған Цифрлық даму министрі вице-министрлерін БАӘ-ге оқуға жібермек

Жаслан Мәдиев вице-министрлерін
Министр Жаслан Мәдиев вице-министрлерін Executive Leadership бағдарламасы бойынша оқытады / Фото: kursiv.media

Жаңа тағайындалған Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрі Жаслан Мәдиев вице-министрлерін БАӘ-ге оқуға жібереді. Бұл жайлы министр Біріккен Араб Әмірліктерінен келген делегациямен кездесу барысында айтты.

Қазақстанға Біріккен Араб Әмірліктерінің министрлер Кабинетінің бәсекеге қабілеттілік және тәжірибе алмасу мәселелері жөніндегі орынбасары Абдулла Нассер Лута келген. Олар өз сапары барысында цифрлық даму министрлігімен цифрлық трансформация және бағдарламалау жөніндегі ынтымақтастық мәселесін талқылаған.

Атап айтқанда, тараптар Стратегиялық жоспарлау және үкімет қызметін цифрландыру саласында тәжірибе алмасуды жоспарлап отыр. Екіжақты кездесу барысында Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік органдар басшыларына арналған Мұхаммед бен Рашид мемлекеттік басқару мектебінің Executive Leadership оқыту бағдарламасы ресми іске қосылған. Ол бағдарлама бойынша вице-министрлерді оқыту көзделген.

«Бүгін Ұлттық акселератор іске қосылды. Өзекті мәселелерді 100 күнде шешуге көмектесетін бұл жоба БАӘ-нің жеделдету тәжірибесін зерделей отырып Ұлттық жобалық кеңседе іске қосылған. Мемлекеттік органдармен бірлесіп акселерациялау тақырыптары анықталды. Маңызды бағыттардың бірі – Capacity Building – әлеуетті арттыру таңдалып отыр. Оның шеңберінде ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясымен бірлесіп, Мұхаммед бен Рашид мемлекеттік басқару мектебінің Executive Leadership Program бағдарламасы бойынша Мемлекеттік органдардың басшыларын оқытуды көздеп отырмыз. Яғни, біз БАӘ-ге цифрлық вице-министрлерімізді оқытуға жібереміз»,– деді министр.

Мәдиевтің айтуынша, олар жасанды интеллектіні қолдана отырып, түрлі салалардағы мемлекеттік басқарудың жаңа тәсілдері мен әдістеріне оқытылады.

Еске сала кетсек, мамыр күні Жаслан Мәдиев Бағдат Мусиннің орнына Цифрлық даму министрі болып тағайындалды. Бұған дейін ол Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі болып қызмет атқарып келген.

Ал 30-сәуірде президент Цифрлық даму министрлігін басқарған Бағдат Мусинді қызметінен босатқан болатын. Ол бұл қызметті төрт жылға жуық атқарды. Кейінірек экс-министр отставкаға кеткені туралы әлеуметтік желіде хабарлады. Ол Қазақстанның әлемдегі ең дамыған цифрлы елдердің біріне айналғанын мәлімдеп, өз командасына алғыс айтты.