Жаңалықтар

Көлік министрлігі қазақстандық жүргізушілерге қосымша еуропалық рұқсаттама бланкілерін алды

Балтық елдері қосымша рұқсаттама қағаздарын берді / shutterstock

Қазақстан Көлік министрлігі қазақстандық жүк көлік жүргізушілеріне Еуропа елдерінің 10 мыңға жуық қосымша рұқсаттама бланкілерін алды.

Министрлік ақпаратына сүйенсек, ведомство Латвия, Литва және Эстониямен автотасымалдау саласындағы бірқатар келісімдерге қол жеткізген.

«Латвия, Литва және Эстониядан алынған өзара алмастырылатын рұқсат бланкілерінің 70 пайыздан астамы қазақстандық тасымалдаушыларға берілген. Іссапар барысында қазақстандық тарапқа рұқсат бланкілерінің санын арттыру бойынша уағдаластыққа қол жеткізді. Латвия – 6 мың, Эстония – 800 және Литва – 3 мың бірлік рұқсат бланкісін бермек. Биылдың өзінде бұл елдерден алынған рұқсат бланкілерінің жалпы саны шамамен 29 мың бірлікке жетті. Қосымша рұқсат бланкілері санының артуы Қазақстан мен Еуропа елдері арасындағы тауар айналымының өсуіне, сондай-ақ тасымалдау құнының төмендеуіне ықпал етеді», – деп атап өтті министр.

Айта кетейік, 2024 жылы Латвиядан 18 мың, Эстониядан 2 400 дана, ал Литвадан 8 мың дана рұқсат бланкісі алынған.

Сонымен қатар Көлік министрлігі қазақстандық автокөліктерді шекарада жедел өткізу үшін 

жағдай жасау мәселесін пысықтауда. Қазақстандық көлік құралдарының жедел өткізу үшін Латвия шекарасында Қазақстан өкілдігінің болуы ретке келтірілмек.

17 наурызда Көлік министрлігі қазақстандық тасымалдаушыларға рұқсат бланкілерін шектеусіз беруді көздейтін өзгеріс ұсынды. Шетелдік рұқсат бланкілері тасымалдаушыларға ХҚКО арқылы машиналарды рейске жібермес бұрын берілетін болған.

Дәл қазір Қазақстан әлемнің 42 елімен автокөлік арқылы халықаралық жүк тасымалдайды. Оның 40 елі рұқсат беру жүйесін көздейді. 2023 жылы осы мемлекеттермен 270,8 мың шетелдік рұқсат бланкілерін алмасқан.

Айта кетейік, былтыр Транскаспий халықаралық көлік маршруты арқылы жүк тасымалдау 77%-ға артқан болатын

Транскаспий халықаралық көлік маршруты (ТХКМ) бойынша жүктерді тасымалдау көлемі артып келеді. Жыл басынан бері ТХКМ арқылы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тасымал 77,2%-ке ұлғайып, 1,3 млн тоннадан асты.