Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «салбурын» мен «беташар» сияқты ұлттық дәстүрлерді ЮНЕСКО мәдени мұралары тізіміне қосу пысықталып жатқанын айтты.
«Елімізде тарихи-мәдени мұраны сақтау және молайту мақсатында ауқымды әрі үздіксіз жұмыс жүргізіліп келеді. Ұзақ жылдан бері алғаш рет жақында материалдық емес мәдени мұраның Ұлттық тізбесі айтарлықтай кеңейді. ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне біздің «салбурын» және «беташар» сияқты ұлттық дәстүрлерімізді енгізу мәселесі пысықталып жатыр», – деді Тоқаев.
Бүгін президент Мәдениет және өнер саласы қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, бірқатар марапаттар тапсырды.
«Өнер – тәрбие құралы. Мен Ұлттық құрылтайдың отырысында ұлт болашағына қауіп төндіретін бес кесел туралы айттым. Қоғамды осы кеселдерден тазартуға мәдениет қайраткерлері зор үлес қосып келеді. Лудомания мен нашақорлықтың зиянын ашып көрсететін тың туындылар шығып жатыр. Бұл – өте дұрыс бастама», – деді президент.
«Беташар» – келін түсіргенде жасалатын салт түрі. Жаңа түскен келіннің жүзін елге көрсетіп, сүйінші айту. Келін өзі түскен шаңырақтағы үлкенді-кішілі туыстарына сәлем беріп, олардың тілегімен ақ батасын алуы тиіс. Оны екі жағынан жаңа абысындары демеп, жыршы оған туыстарын таныстырып, олардан кәдесый жинайды. Келіннің бетін оның енесі ашып, жиналған кәдені жыршы алады.
«Салбурын» – саятшылық және аң аулау кәсібінің бір түрі. Аң аулау маусымы кезінде аңшылар топталып, аңы мол жерлерге сапар шегеді. Олардың қатарында әнші, күйшілер де болады. Салбурынға шығушылар әңгіме-дүкен құрып, әзіл-сықақ айтысып, құсбегілік тәжірибелерімен бөліседі. Аңның етін жеп, қымбат терілерін алып, шипалы дәрі-дәрмек жасап, әрі саяхат, әрі сауда жасайды.
15 наурызда Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде президент қоғамның көптеген мәселесі мен маңызды саяси өзгерісі жайлы айтты. Соның ішінде тіл, дін, есірткі қылмысымен күрес, жастар арасындағы құмар ойындарға тәуелділік деңгейін төмендету сияқты тақырыптармен қатар, негізгі елдік құндылықтар тақырыбын көтерген.
Президент сөз еткен құндылықтар қатарында, ең бастысы, тәуелсіздік және отаншылдық болды. Бұл қазіргі заманда өзекті екендігіне баса назар аударылды. Осыдан туындайтын бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық және кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық бір-бірін толықтыра түседі.