Шенген визасы 90 евроға дейін қымбаттайды. Бұл туралы Словения Сыртқы істер министрлігі хабарлады.
«Шенген визасының бағасы 90 еуроға дейін көтеріледі. Мұндай шешімді Еуропалық комиссия қабылдады», – деп жазылған хабарламада.
2024 жылдың 11 маусымынан бастап қысқа мерзімді визаға (С түріндегі виза) өтініш беру құны 12%-ға өседі. Шешім Еуропалық Одаққа кірмейтін елдер азаматтарына қатысты. Қазіргі уақытта Шенген визасын 80 еуроға алуға болады.
Визаның құны баратын елге қарай анықталады. Көп елде құжат қабылдайтын арнайы орталықтар бар. Сондықтан баратындар консул алымына қоса, виза рәсімдеуге алынатын қызмет алымын қоса төлейді. Мәселен, Германия арқылы Шенген визасын алғыңыз келсе, жалпы консул алымы ересектер мен жасы 12-ден асқан балаларға 80 еуро тұрады. Ал 6-12 жас аралығындағы балаларға — 40 еуро.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Еуропалық Одақ елдерімен визалық режимді жеңілдету жұмыстарын жүргізуде. Бірақ кей азаматтарымыздың кесірінен бұл процесс қиындауы мүмкін. ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров құжаттарды қолдан жасау фактілерінің көбейіп бара жатқанын айтады.