Назарбаевтың құдасы Қайрат Боранбаев мемлекетке 134,5 млрд теңгенің активтерін қайтарған. Қылмыстық іс әлі тоқалмағандықтан, бұл сома болашақта өсуі мүмкін. Бұл жайлы Мәжілістен кейін өткен брифинг барысында Қаржы мониторингі агенттігі (ҚМА) төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов айтты.
Қаржы мониторингі агенттігі өкілінің мәліметінше, Қайрат Боранбаев негізгі қылмыстық іс бойынша 14,5 млрд теңге қайтарған. Одан бөлек бизнесмен мемлекетке өз еркімен 120 млрд теңгенің активтерін өтеген.
«Жалпы алғанда 134,5 млрд теңге қайтарылды»,– деді Елемесов.
Журналистер бизнесменнің бұдан бөлек мемлекет алдындағы қарызының бар-жоғын сұрады.
«Қылмыстық іс әлі аяқталған жоқ. Тергеу жүріп жатыр. Мүмкін тағы да қайтарылып қалар», – деп жауап берді ҚМА өкілі.
Оның айтуынша, бизнесменнің үстінен бюджет қаражатын ұрлау, салықтан жалтару фактісі бойынша тергеу жүріп жатыр. БАҚ өкілдері қылмыстық тергеу аяқталмағанына қарамастан, Боранбаевтың бостандыққа жіберілу себебін де сұрады. Елемесов Боранбаевтың өз еркімен мемлекетке келтірген шығынды өтегені үшін бас бостандығынан айыру жазасы жеңілдетілгенін айтты.
«Сот үкімімен қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын білесіздер. Мемлекет шығынын өз еркімен өтегені үшін оның бас бостандығынан айыру жазасы, бас бостындығын шектеу жазасына ауыстырылды», – деді ол.
Сонымен бірге Елемесов қайтарылған кейбір нысандардың жұмыс істемейтіні жайлы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Ол барлық активтің мемлекетке ресми түрде қайтарылып, деректер базасында тіркелгенін жеткізді. Соның ішінде «Комфорт» қонақүй кешенінің жұмыс істеп жатқанын айтты.
Айта кетейік, 2023 жылдың 6 қарашасында Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі Қайрат Боранбаевтың бостандыққа шыққанын хабарлады. Ақмола облысы Зеренді аудандық соты, бұған дейін 6 жылға сотталып, бас бостандығынан айырылған Қайрат Боранбаевтың жазасын бас бостандығын шектеумен ауыстыру туралы шешім шығарған болатын. Ақмола облысы Зеренді аудандық сотының шешіміне сәйкес, ол пробациялық бақылауға алынған.
Боранбаев мемлекетке қандай активтерді қайтарды?
Естеріңізге саламыз, бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі тергеумен ерікті ынтымақтастығы аясында Қайрат Боранбаевтың бірнеше мүлкі мемлекет меншігіне қайтарылғанын хабарлады. Боранбаевқа тиесілі компаниялар шетелден қайтарылған қаражат есебінен Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 66 млн доллар яғни 30 млрд теңгеден астам қаржы аударды.
Сонымен қатар Боранбаевқа тиесілі «Қаражанбас Северный» кен орны мемлекет меншігіне өткенін жазған едік. Оның өндірістік параметрлері – құны 35,4 млрд теңге болатын 2,6 млн тонна мұнай және 13,2 млн текше метр газ бар 143 ұңғыма.
Боранбаев сондай-ақ тауарлық газды тасымалдаумен және сатумен айналысатын «Азия Газ Чунджа» газ таратушы компаниясын мемлекет меншігіне берді. Компанияның нарықтық құны 14 млрд теңгеге жуық. Сонымен қатар Қаржылық мониторинг агенттігі құны 9 млрд теңге болатын «Сервисный Центр КазТурбоРемонт» ЖШС мұнай-газ жабдықтарын өндіру және жөндеу зауыты мемлекет меншігіне өтетінін хабарлады. Бұл нысандардың барлығы мемлекеттің пайдасына өтеді.
Бұған дейін, Қайрат Боранбаевтың құны 33,75 млрд теңгені құрайтын дүние-мүлкі мемлекет меншігіне өткенін жазған едік. Атап айтқанда, «Алмалы» сауда орталығының ғимараты, Unity Hall ЖШС, «Алматы Тауэрс» бизнес орталығы мен Fitnation фитнес клубтар желісі.
Бұған дейін Қаржы мониторингі агенттігі Боранбаевтың құны 90 млрд теңгеден асатын активтері заңдастырылып, мемлекеттік органдар мен компаниялардың балансына берілгенін хабарлаған еді.