Freedom Broker сарапшылары Банк ЦентрКредит акцияларын ұстай тұруға, ал Halyk bank бағалы қағаздарын сатып алуға кеңес береді. Оған банктің 2023 жылғы қаржы көрсеткіштері себеп болған.
БЦК көрсеткіші қандай?
Сарапшылар БЦК-нің былтырғы және 2024 жылдың І тоқсанындағы қаржы көрсеткіштерін саралай келе, инвесторлардың қаржы ұйымы акцияларын ұстай тұрғаны жөн деп пайымдайды. Өйткені банктің қаржы көрсеткіштері жақсарған.
Жыл басынан бергі пайыздық кіріс жаңа рекорд орнатып, 161 млрд теңгеге жеткен. Бұл 2023 жылдың І тоқсанымен салыстырғанда, 39 пайызға артық. Таза пайдасы өсіп, 45 млрд теңгені құраған. Дегенмен І тоқсанда банктің несие портфелі аздап қысқарды.
Банктің меншікті капиталына қатысты нарықтық құны кейінгі жылдардағы ең жоғары деңгейге жетіп отыр. Алайда банк мемлекеттен алған көмегін толық қайтармағандықтан, дивиденд төлемеуі ықтимал.
Осыны ескере келе, Freedom Broker сарапшылары банк акцияларына қатысты болжамын жаңартып, оларды ұстай тұрған жөн деп отыр. Алдағы уақытта банктің бағалы қағаздары 10 пайыз арзандап, 1640 теңгеге түсуі мүмкін. Бұған дейін сарапшылар БЦК акцияларының қаңтар-ақпан айларындағы 70 пайыз өсімі табиғи емес деп, сатып алмай-ақ қойған дұрыс деген.
Банктің 2022 жылғы таза пайдасы 145 млрд теңге болса, 2023 жылы 135 млрд теңге тапқан. Бір жыл ішінде актив көлемі 1 трлн теңгеден аса өсіп, 2022 жылғы 4,3 трлн теңгеден 5,2 трлн теңгеге жеткен. Міндеттемелері де 4 трлн теңгеден 4,8 трлн теңгеге өскен.
2024 жылдың қаңтар-ақпан айларында KASE индексі өсімінің негізгі дайверіне айналды. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының сарапшылары KASE индексі негізінен Банк ЦентрКредит, Kcell және Халық банкі акцияларының қымбаттауы есебінен өскенін атап өтті.
Halyk bank акцияларын сатып алған жөн
«Халық банктің» 2024 жылдың 1 тоқсанындағы қаржы нәтижесіне сәйкес, пайыздық кірісі рекорд орнатқан. Таза пайдасы да артқан.
Алайда бірінші тоқсанда банк мемлекеттік көмекті мерзімінен бұрын өтеп, 66,1 миллиард теңге шығынды мойындады. Осы жайт болмаса таза пайдасы да рекордтық деңгейге жетер еді.
Бағалау үлгісінде сарапшылар қаржылық көрсеткішін жаңартып, пайыздық кіріс болжамын, капитал құнын арттырған. Нәтижесінде, Халық банктің бір акциясы 30 пайыз өсім көрсетіп, 270 теңгеге жетуі мүмкін. Ұсыныс – «Сатып алу».
Сәуір айында KASE индесіне кіретін компаниялар арасында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ қарапайым акциялары ең үлкен өсім байқатса, екінші орында «Банк ЦентрКредит» қарапайым акциялары тұр. Олар өз бағасына 4,2 % қосты. Көшбасшылар үштігін 2,5 % өсіммен «Қазақстан Халық банкі» қарапайым акциялары жапты.