Нарықты таңқалдырып жатыр: Банк ЦентрКредит акциялары екі айда 70 пайыз өскен

Жарияланды
Шығарушы редактор
Банк ЦентрКредит
Банк ЦентрКредит акциялары қатты қымбаттап жатыр. Фото: кursiv.media

Банк ЦентрКредиттің Қазақстан қор биржасында (KASE) саудаланатын акциялары биыл бүкіл нарықты таңқалдырып жатыр. Қаңтар-ақпан айларында банк акциялары 70%-ға қымбаттаған. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 52,7% жоғары. Көрсеткіш сарапшылардың болжамынан да асып түскен.

Freedom Broker сарапшылары өз шолуында банк акцияларының кейінгі кездегі өсімі табиғи емес екенін жазады.

«Бұл раллидің қашан аяқталары белгісіз. Өйткені кейінгі уақыттағы өсімі табиғи секілді көрінбейді. Соған қарамастан, біз бағалы қағаздардың өсу толқынындағы позицияларында қалуды және жай ғана үзіліс пен шоғырланудан гөрі, түзетудің маңызды тұстарын қадағалауды ұсынамыз»,– деп атап өтті сарапшылар.

Акциялардың арзандау қаупі жоғары болғандықтан, қазір БЦК бағалы қағаздарын сатып алудың қажеті жоқ.

Банк акциялары Қазақстан қор биржасының (KASE) ресми тізіміне 1999 жылдың 13 тамызында қосылған. 23 жыл ішінде құнды қағаздар 700 есе қымбаттаған. Ең бірінші сауда 2000 жылдың наурызында өтіп, бір акция 1,41 теңгеден саудаланған. Бағалы қағаздар бағасы жылдам өсіп, 2006 жылдың көктемінде рекордтық 2000 теңгеге жетті. Бұл баға 2009 жылғы әлемдік дағдарысқа дейін сақталды. Кейін акциялар арзандай бастады. 2021 жылға дейін акциялар бағасы төмен болды.

Соңғы екі жыл банк үшін табысты болып, осы уақыт ішінде акциялары екі есе өсті. Банк ЦентрКредит Альфа-банкті сатып алғаннан кейін, активтер көлемі бойынша (2020 жылдан бері 234%-ға артқан) екінші деңгейлі банктер тізімінде үшінші орында. 2023 жылдың соңында банктің бір акциясы 997 теңге болған.

Ал 2024 жылдың қаңтар-ақпан айларында KASE индексі өсімінің негізгі дайверіне айналды. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының сарапшылары KASE индексі негізінен Банк ЦентрКредит, Kcell және Халық банкі акцияларының қымбаттауы есебінен өскенін атап өтті.

Ақпанда БЦК акцияларының бағасы бірден 40%-ға, ұялы байланыс операторының акциялары – үштен бір есе, ал Халық банктыкі – төрттен бір есе қымбаттаған.

Банк ЦентрКредит – Қазақстандағы іргелі коммерциялық банктердің бірі. «Банк ЦентрКредиттің» негізгі иелері – Бақытбек Байсейітов (40,11%) пен Владислав Ли (9,23%).

Сондай-ақ оқыңыз