Жаңалықтар

Қазақстан Корея Республикасына 34,1 мың тонна ферроқорытпа экспорттады

Кореяға 55,4 млн доллар сомасына 34,1 мың тонна ферроқорытпа экспортталды /kursiv.media

Былтыр шетелдік компаниялардың қатысуымен Қазақстанның электротехника өнеркәсібіндегі өнім шығару көлемі 8,4 млрд долларға жетті. Олардың қатарында кореялық «Daewoo Bus Global Corporation», «Hyundai», «KIA», «Youngsan Glonet Corporation» корпорациялары бар.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің дерегіне сүйенсек, 2023 жылы Оңтүстік Кореяға 55,4 млн доллар сомасына 34,1 мың тонна ферроқорытпа экспортталды.  Павлодар облысында «Mineral Product International» ЖШС мен «SIMPAC Group» арасындағы бірлескен ферроқорытпаларды өндіру бойынша жоба дайындалуда.

Сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Корея үкіметаралық комиссиясының отырысында екі елдің экономикалық байланысы нығая түскені айтылды.  

Қазіргі уақытта 15 бірлескен инвестициялық жоба жүзеге асуда. Соның аясында 4,7 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Жобалардың жалпы құны 854,4 млн долларға тең.

Корея ынтамақтастығымен Қазақстанда 7 жоба (188,9 млн доллар) сәтті жүзеге асты.  Автобустар, жүк көліктері мен лифттер шығаруға арналған өндіріс орындары іске қосылды. 2,7 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.

Қазақстан тарапы кореялық компанияларды жаңа электр станцияларын жаңғырту және салу жобаларына қатысуға шақырды.

Оңтүстік Кореяның Геология ғылымдары ғылыми-зерттеу институты (KIGAM) Қазақстанда литий кен орнын тапқан. Оны игеру жұмыстарын жалғастыруға ниетті екенін хабарлаған. Бұл аудандағы ресурстар құны 21 трлн вон (15,7 млрд доллар) шамасында деп есептеді.

Кейінгі жылдары Қазақстаннан Кореяға баратын еңбек мигранттары көбейіп келеді.

Жыл басында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон комитеті Оңтүстік Кореяда заңды жұмыс істеу үшін қазақстандықтарға арналған бағдарлама дайындалып жатырғанын мәлім етті.