Жаңалықтар

Жұмыс кезінде адамдардың жарақат алуына байланысты Қарағанды облысында ең көп дерек тіркелді

Фото: kursiv.media архивінен

2023 жылы 2670 жазатайым оқиға тіркелді. Қарағанды облысында жұмысшылардың көбі зардап шеккен. Осы облыс бойныша 476 жағдай (18,6 пайыз) тіркелді. Одан кейін Ұлытау облысында 408, Шығыс Қазақстан облысында 263 адамның жарақат алғаны анықталды.

Өңдеу (жағдайлардың 34,1%) және тау-кен өнеркәсібі (20,5%), құрылыс (14,1%) салаларында қауіпсіздік талаптары жиі бұзылады. Былтыр кәсіптік аурулар ішінен дорсалгия – спецификалық емес арқа ауруы (414 адам), құрамында кремний бар шаңнан туындаған пневмокониоз (136 адам) ең көп таралған.

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша 611 адам жабық сынықтан, 507 адам сыртқы жарақаттан, 276 адам шайқалудан болған жарақат және ішкі ағза жарақаттарынан, 138 адам ашық сынықтан, 102 адам термикалық күйіктен зардап шекті. Еңбек жағдайында жарақат алғандардың 18,2%-ы – әйелдер.

Биыл 4 қаңтар күні «Майқайыңалтын» АҚ Майқайың шахтасының аумағында «КӘАҚҚ» ЖШС қызметкерлері мінген автобус жолдың опырылған жерінен құлап кетті. Тергеу комиссиясының қорытындысы бойынша жұмыс беруші кінәлі екені анықталды.