Арменияның Лори облысындағы Дебед өзені тасыды. Соның салдарынан бірнеше елдімекенді су басты. Апат аймағынан 232 адам қауіпсіз жерге көшірілді.
Ішкі істер министрлігі Туфенкиан қонақүй кешенінен 28 адам, Таширден 62, Алавердиден 22, Санахин станциясынан 110, Дилижаннан 2, Айрумнан 7, Агарцин ауылынан 1 адам эвакуацияланғанын мәлімдеді.
Іздестіру-құтқару жұмыстарына 30 жауынгерлік бригада мен 324 құтқарушы жұмылдырылды.
Табиғи апат салдарынан кемінде бір адам қаза тапты. Грузияға баратын жолдар жабылды. Көпірлер бұзылды. Ереван — Тбилиси — Ереван бағытындағы пойыздар тоқтады. Арменияның Алаверди қаласында қысқа тұйықталу себебінен газ құю бекеті жарылды.